Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандардың ізін жас буын жалғап келеді. Олардың бірі — Бородулиха аудандық ауруханасының учаскелік терапевт дәрігері Гүлжан Картикова.
Гүлжан Тілеубекқызы 1988 жылы Аягөз ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Ертіс орта мектебін бітіріп, Семей қаласының Мемлекеттік медицина университетіне түскен. Ақ халат киіп, халықты емдеу Гүлжанның бала күнгі арманы болатын. «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған ол 2012 жылы университет бітірді. Одан әрі білімін интернатурада жалғастырып, 2013 жылы терапевт дәрігер біліктілігін алды.
— Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс жасай алады деп ойлаймын. Осы қиыншылығына қарамастан, бала арманымды жүзеге асыру мақсатында медицина мамандығын таңдадым,- дейді Гүлжан Тілеубекқызы.
Жас маман еңбек жолын Павлодар облысындағы «Мейірім» көпсалалы медициналық орталығының терапевт дәрігері ретінде бастады. Одан кейін «Еуро-Азия Эйр» әуе компаниясының Жезқазған филиалында авиациялық терапевт дәрігері болды. 2019 жылдан бастап Бородулиха аудандық ауруханасының терапевт дәрігері ретінде халыққа медициналық қызмет көрсетіп жүр.
Дәрігер болу үшін бейімділік, икемділік, қабілеттілік қасиеттері аздық етеді. Дәрігердің сондай-ақ, науқас адамның сеніміне кіре білуі, ол адамды өзінің ауруымен күрестіре білуі маңызды. Сырқат жандарға күшін ғана емес, жүрегін де жұмсай білуі қажет.
Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне ешқандай шүбә жоқ. Гүлжан Тілеубекқызы айтпақшы, әрбір науқастың көңілін тауып, дұрыс диагноз қойып, ем-шара тағайындау жауапты іс. Көп жағдайда науқастың дерттен айығуына медицина қызметкерерінің мейірімділігі де сеп болып жатады.
Емделушілерінің денсаулығына алаңдап, уақытпен санаспай, қызметіне адалдық танытатын білікті маман отбасында аяулы жар, асыл ана. Отағасы екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.
Мереке қарсаңында Гүлжан Тілеубекқызын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, деніне саулық, шаңырағына шаттық, отбасына амандық еңбегіне табыс тілейміз.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»