Үй – бұл біз өзімізді толықтай қауіпсіз сезінуіміз керек мекен. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық өрттер мен төтенше жағдайлардың басым бөлігі дәл осы тұрғын үй секторында орын алады. Оның себептері көбіне өте қарапайым: ұқыпсыздық, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсіру, ақауы бар құралдарды пайдалану немесе қараусыз қалдырылған ас үй плитасы. Төтенше жағдайлар бөлімі баспанаңыз бен жақындарыңызды бәле-жаладан аман сақтауға көмектесетін негізгі ережелерді қаперіңізге салады.
1. Электр қауіпсіздігі: желіге шамадан тыс жүктеме түсірмеңіз
Қазіргі заманғы үй тұрмыстық техникамен тығыз жабдықталған, сондықтан жыл өткен сайын электр сымдарына түсетін салмақ та артып келеді.
Розеткаларға шамадан тыс салмақ салмаңыз: Бірнеше қуатты құрылғыны (жылытқыштар, кір жуғыш машиналар, электр шәйнектері) бір уақытта қосу үшін үштіктерді (тройник) және ұзартқыштарды (удлинитель) пайдаланудан аулақ болыңыз.
Ақаусыздықты қадағалаңыз: Зақымдалған розеткалар, ұшқын шашатын ажыратқыштар (выключатель) немесе жалаңаштанған сымдар – бұл шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін білдіретін тікелей белгі.
Құрылғыларды желіден ажыратыңыз: Үйден шығып бара жатқанда, тоңазытқыштан басқа барлық электр құрылғыларын желіден өшіріңіз. Түнде қуаттау құрылғыларын (зарядка) розеткада қалдырмаңыз.
2. Ас үй – жоғары назар аударатын аймақ
Тұрмыстық өрттердің шығу көрсеткіші бойынша ас үй әлі де алдыңғы орында тұр.
Дайындалып жатқан тамақты қараусыз қалдырмаңыз: Қосулы тұрған плитаның үстінде қалған май құйылған таба санаулы минуттарда лап ете түсуі мүмкін.
Тез тұтанатын заттарды алыс ұстаңыз: Сүлгілер, шүберек ұстағыштар (прихватка), қағаз майлықтар мен перделер ас үй плитасынан қауіпсіз қашықтықта орналасуы тиіс.
Май жанған жағдайда не істеу керек? Жанып жатқан майға ешбір жағдайда су құймаңыз – бұл өрттің одан сайын күшті жарылысына әкеп соғады! Табаның бетін дереу қақпақпен немесе қалың матамен жауып, плитаны өшіріңіз, не болмаса үстіне сода/жарма себіңіз.
3. Газ жабдықтары және пешпен жылыту
Жеке сектор мен үйінде газ жүйесі бар тұрғындар үшін бұл ережелердің маңызы өте зор:
Газ жабдықтары: Газ иісі шыққан кезде дереу кранды жауып, бөлмені желдету үшін терезелерді ашыңыз. Жарық пен электр құрылғыларын қоспаңыз (кішкентай ұшқын жарылыс тудыруы мүмкін). Бірден апаттық қызметті шақырыңыз.
Пештер мен мұржалар: Жылыту маусымы басталар алдында мұржаларды күйеден міндетті түрде тазартыңыз. Тұтандыру үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды (бензин, керосин) пайдаланбаңыз және жанып жатқан пешті балалардың қарауына қалдырмаңыз.
4. Балалар қауіпсіздігі және темекі шегу
Сіріңке – ойыншық емес: Сіріңкелерді, оттықтарды, тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмектерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз. Балалармен қауіпсіздік ережелерін және шұғыл қызметтердің нөмірлерін тұрақты түрде қайталап отырыңыз.
Бөлмеде темекі шегу: Төсекте немесе креслода отырып темекі шегу (әсіресе алкогольдік мас күйінде) – адам өліміне әкеп соғатын өрттердің басты себептерінің бірі. Темекі тұқылын міндетті түрде терең металл немесе керамикалық күлсалғыштарға салып, толық сөндіріңіз.
5. Жеке дайындық: әр үйде не болуы керек?
Автономды өрт хабарлағышы (АӨХ): Төбеге орнатылатын шағын әрі
қымбат емес құрылғы. Түтін пайда болған кезде ол қатты дыбыстық сигнал беріп, тіпті қатты ұйықтап жатқан адамды да оята алады.
Өрт сөндіргіш: Үйде шағын ұнтақты немесе көмірқышқылды өрт сөндіргіштің болуы – бұл жай ғана талап емес, өртті бастапқы кезеңінде жоюдың шынайы мүмкіндігі.
Үйде немесе пәтерде өрт шыққан жағдайда не істеу керек?
Дүрлікпеңіз. Бөлмеден балалар мен қарт адамдарды дереу алып шығыңыз.
101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз. Мекенжайды, не жанып жатқанын және іште адамдардың бар-жоғын нақты айтыңыз.
1. Егер өрт ошағы кішкентай болса – оны өрт сөндіргішпен, қалың көрпемен (кенеп матамен) немесе сумен (егер ол тоққа қосулы электр құрылғысы болмаса) сөндіруге тырысыңыз.
2. Егер өрт таралып жатса – отқа оттегінің келуін шектеу үшін есіктерді тығыз жауып, бөлмені дереу тастап шығыңыз. Сыртқа еңкейіп немесе еңбектеп шығыңыз, өйткені түтін жоғары көтеріледі.
Бородулиха ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
