Ауылды жердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында нәтижелі жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың бірі – «Ауыл – ел бесігі». Бородулиха ауданында аталмыш бағдарлама аясында 11 жоба қолға алынған. Инфрақұрылымды дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы аудан басшылығының назарында.
«Семей Жолдары» ЖШС Жаңа Шүлбі ауылдық округіндедегі Киров, Абеулов және Меркулов көшелерінде жолдарды орташа жөндеумен айналысып жатыр. Жергілікті тұрғындар жол төсемін жаңарту қозғалыс сапасын айтарлықтай жақсартады және жолдардағы қауіпсіздікті арттырады деп күтеді.
Ал Белағаш ауылында көше жарығын орнату жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша ауылдың 16 көшесінде 164 жарықдиодты шам орнатылады. Осы жұмыстарды орындау үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Өмірбек Group» ЖШС-мен 21 818 мың теңге сомасына шарт жасалған. Бүгінгі күні барлық көшелерде 164 шұңқыр дайындалып, тіректің іргетас бөлігін бетондау жүргізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Мағжан Табылдин Жерновка ауылдық округіне барып, ауылдық жерде спортты дамыту бойынша «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Мердігер «ИП Айтуғанов» қолға алған хоккей корты мен шағын футбол алаңын салу жұмыстарының барысын қарады.
Бұдан өзге жобалар да аудан басшылығының назарында. Барлық жобалар аяқталғанда тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуына айтарлықтай әсер ететіндігіне сенім бар.
А.ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»