Ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеп, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізетін бағдарламалардың бірі — «Ауыл – ел бесігі». Былтыр еліміздегі 800 ауылда 1,8 мың жобаны жүзеге асыруға 200 млрд теңге қарастырылса, Абай облысына 8,5 млрд теңге бөлініп, 76 жоба іске асырылды. Бородулиха ауданында ба бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан болатын.
Биыл да бағдарлама аясында елді мекендерді абаттандыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Соған орай аудан әкімі Айдар Ибраев тиісті бөлімдердің басшыларымен және жобаларды іске асыру жоспарланып отырған ауылдық округтердің әкімдерімен кеңес өткізді. Кеңес барысында бөлінген қаржыны шашау шығармай игеріп, межелі жұмысты жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Айта кетсек, биыл Зенковка, Бел-Ағаш, Камышенка ауылдарының көшелері жарықтандырылып, Новая Шульба және Камышенка ауылдарындағы көшелер орташа жөнделеді. Камышенка және Новая Шульба ауылдарында футбол алаңдары орнатылса, Жерновка ауылында футбол алаңы мен хоккей корты, ал Ивановка ауылында воркаут алаңы орнатылмақ.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»