Аймақта дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы облыстық іріктеу жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Садақ ату өнерін серік еткен жүздеген жас мергендер бақ сынасқан дүбірлі додада Бородулиха ауданының намысын қорғаған «Жезкент мергендері» клубының тәрбиеленушілері теңдессіз нәтиже көрсетіп, мергендіктің хас үлгісін паш етті. Жарыс жолына шыққан 8 спортшымыздың барлығы да жүлделі орындардан көрініп, аудан қоржынын марапаттарға толтырды.
Жарыстың алғашқы күні-ақ жерлестеріміздің дайындығы өте жоғары екенін көрсетті. Тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен шыңдалған жас өрендер түрлі қашықтықтар мен нысана түрлері бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Мақсатты бағыттау мен нақтылықты талап ететін 10 метрлік қашықтықтағы қалқан нысанасы бойынша Фатих Қалшора жүлделі ІІ орынды қанжығасына байласа, Айсұлтан Нұртаев үздік үштікті қорытындылап, ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, пута нысанасы бойынша сынға түскен Адиет Заркымов асқан мергендік танытып, құрама қоржынына алғашқы алтын медальді салды (І орын). Осы сайыста Айсұлтан Нұртаев тағы да тұғырдан көрініп, ІІІ орынды еншіледі.
Жарыстың басты сенсациясы мен көшбасшысы – Ерсұлтан Төлеген болды. Ол 15 метрлік қашықтықтағы қалқан нысанасы мен пута нысанасының екеуінде де ешкімге шаң жұқтырмай, қос бірдей алтын медальді (І орын) жеңіп алды. Нұрбол Төлеген де бұл екі сайыста ағасынан қалыспай, қос қола медальді (ІІІ орын) иеленіп, отбасылық мергендік дәстүрді дәлелдеп шықты.
Сайыс бағдарламасының ең күрделі түрлері саналатын Орта Азия нысанасы бойынша Ілияс Ахан күміс жүлдегер (ІІ орын) атанса, Абдуссамат Қалшора қола жүлдені (ІІІ орын) иеленді. Тұрғындар мен жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырған жамбы нысанасы бойынша да жезкенттік мергендер биіктен көрінді. Алижан Сайлауов ІІ орынды иеленсе, Абдуссамат Қалшора бұл бәсекеде де өзінің тұрақтылығын көрсетіп, тағы бір ІІІ орынды жеңіп алды.
Облыстық біріншіліктің ең басты жетістігі – жарыс қорытындысы бойынша «Жезкент мергендері» клубынан қатысқан барлық 8 спортшының да жоғары ұпай жинап, алдағы өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына тікелей жолдама алуы болды. Бұл – білікті жаттықтырушы Тілеген Сұлтановтың қажырлы еңбегінің айқын көрінісі.
Аудан жұртшылығы мен спорт сүйер қауым Қазақстан чемпионатына жолдама алған жас мергендерді және олардың бапкері Тілеген Сұлтановты жеткен биік белестерімен шын жүректен құттықтайды! Алдағы республикалық дүбірлі додада еліміздің бас жүлдесін бағындырып, көк туымызды аспанда желбіретуге толағай табыс, сарқылмас қажыр-қайрат пен сәттілік тілейміз!
Шайза ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

