Абай облысы «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жұмыс аясында бірқатар нысандар тексеріліп, сайлауалды бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізілді.
Мониторинг тобы Петропавловка ауылында салынып жатқан спорттық-сауықтыру орталығында, Бородулиха ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен кездесіп, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына мониторинг жасап, экология және абаттандыру мәселелеріне назар аударды.
Кеңес отырысы өтіп, онда мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу бағытында атқарылған шаралар талқыланды. Отырыс барысында мамандардың баяндамалары тыңдалып, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын одан әрі арттыру бойынша ұсыныстар берілді.
Сыбайлас жемқорлық — бұл тек мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, қоғамның рухани әрі моральдық тұтастығын бұзатын кесел. Ол адамдардың өзара сенімін жояды, әлеуметтік әділеттілікті бұзады, ал ең маңыздысы — ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқықтық реформалармен шектелмей, қоғамның өз ішіндегі сана мен моральға, әр адамның жеке жауапкершілігіне негізделуі керек.
«Жемқорлық – бір қолмен жасалмайды», — дейді халық даналығы. Бұл сөздің мәні тереңде жатыр. Әділдік пен адалдықтың орнауы үшін мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы керек. Тек сол жағдайда ғана біз сыбайлас жемқорлықты жойып, әділ қоғамды қалыптастыра аламыз.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»