Абай облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХХ маусымы басталды. Жаңа маусымның салтанатты ашылу рәсіміне орай Бородулиха ауданында ұйымдастырылған шараға “Жасыл ел” ұйымының жастары ғана емес, сонымен қатар облыс әкімдігінің өкілдері, аудан басшылығы қатысты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев атап өткендей, “Жасыл ел” – өзінің азаматтық ұстанымы бар белсенді жастарға бағытталған жоба.
— Бүгін мұнда ең белсенді жастар, “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарының қатысушылары жиналды. Кезекті жиырмасыншы маусым өз жалауын желбіреткелі тұр. Біздің облыс жастары бұл жұмысқа тікелей атсалыспақ. Осыған дейін бағдарлама өзінің тиімділігі мен өзектілігін көрсетті. Жастар өз жауапкершілігінің арқасында болашақ үшін жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Сіздердің әрқайсыларыңыз бар күш-жігеріңізді салып, ортақ іске өз үлестеріңізді қоссаңыздар облыс бұдан әрі көркейе түседі. Қазір облысымызда “Таза Қазақстан” республикалық экоакциясы жалғасуда. Оған жастар да белсенді қатысуда, — деп атап өтті Айдар Садырбаев.
Жыл сайын жобаға қатысып, белсенділік танытатын Даяна Мұхамедханова “Жасыл ел” экология үшін ғана емес, барлық жағынан пайдалы екенін атап өтті.
— Мен алғаш рет “Жасыл елге” 16 жасымда келдім. Қазір мен 20 жастамын және биыл тағыда қатысуға ниеттімін. “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарында жұмыс істеу-бұл жастарға алғашқы тәжірибе алуға, көшбасшылық дағдылар мен командада жұмыс істеп, шыңдалуға мүмкіндік беретін орта. Сонымен қатар, жаңа достар таба аласың. Және де балалардың өзін-өзі бағалауы артады, өйткені еңбекпен тапқан ақшасын дұрыс жұмсауға үйретеді, — деді Даяна Мұхамедханова.
Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, студенттер, белсенді жастар және «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері – 80 адам, Дмитриевск орман шаруашылығының тәлімбағында жиналды. Олар «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің Бородулиха филиалына қарасты орман тәлімбағында табиғатты қорғау шараларымен айналысты.
Өз тілшіміз