Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баспана кезегінде тұрған, халықтың осал топтары санатындағы төрт отбасыға екі пәтерлі үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Айдар Ибраев жылы лебізін білдіріп, баспаналардың бақыт пен шаттық мекені болуын тіледі. Мердігерлер мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлес қосқан жандарға алғыс айтты.
Кең, жарық әрі жайлы үйдің кілтін алған көп балалы аналар да риясыз ризашылықтарын білдіріп, мемлекет басшылығына, жергілікті билік өкілдеріне алғыс айтты.
Бұл үйлер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай көп балалы отбасыларды, толық емес отбасыларды және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылды.
Айта кетсек, биыл Бородулиха ауданында 5 көп балалы отбасы, 3 мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, 2 зейнеткер, 24 толық емес отбасы жаңа баспанаға қоныстанды.
А. ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»