Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген Бородулиха ауданында көптеген ірі шаруа қожалықтары бар. Аграрлық сектор дамыған округтердің бірі – Новопокровка ауылдық округі. Округте 2420 адам тұрады.
— Округте 13 қожалық бар. Оның ішінде бесеуі аяққа тұрған қожалық. Оның бірі – «Лина-Агро». Көбінесе халық мал шаруашылығымен айналысады,- деді ауылдық округ әкімі Ертай Шакенов.
1997 жылы жұмысын бастаған «Лина» шаруа қожалығы 2016 жылы ұсақ қожалықтармен біріктіріліп, жауапкерішілігі шектеулі серіктестік болып құрылған. Алғашында 100 гектар жерді өңдеумен айналысса, қазіргі күні 9 мың гектар алқапқа егін егеді.
— Қыстан бері дайындық жұмыстарын жүргізіп, ерте көктемде егін науқанына кірісіп кетеміз. Заманауи техникаларымыз жеткілікті. Техникаларымыздың 90 пайызы соңғы үлгімен жаңартылған. Секріктестікте 40 адам жұмыс істейді. Осы науқанда 9 мың гектарға арпа, бидай, күнбағыс, қарақұмық ектік. Озық техникаларымыздың, еңбекқор ұжымның арқасында егін науқанын аяқтадық,- дейді «Лина Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юрий Ковязин.
Жаңа техника мен технология енгізу – серіктестік алдына қойылған басты мақсат. Техникаларының 90 пайызы жаңартылыпты. Бұл техникалар бұрынғыдан өзгерек. Жүргізушілер заманауи техникадағы мониторларды бақылап қана отырады екен.
-Бұл шаруашылықта еңбек еткеніме 16 жыл болды. Жұмысымыз автоматтандырылған. Жұмысымызға, жалақымызға шағым айтпаймыз. Жалақы жоқ жерде жұмыс істемейміз ғой. Техника паркіміз жаңартылған, бұл жұмысымызды жеңілдетеді,- деді шаруашылық механигі Евгений Яровой.
Осы округ аумағында орналасқан Анатолий Романовтың «Лада» шаруа қожалығы да ірі шаруашылықтар қатарында. 4 мың гектар алқапқа егін салатды. Оның ішінде 500 гектар жерге көп жылдық шөп, қалған 3500 гектарға арпа, бидай, күнбағыс еккен бұл шаруашылық та егін науқанын аяқтап, Жер-Анадан ырысын алуға ниетеніп отыр.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»