«Бала ойынмен өседі» демекші, ойын түрлерінің бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Ол – сандаған ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге дайындау қажетін өтеген, сыннан өткен сенімді тәрбие құралы. Ойын жігерлікке, шыдамдылыққа және ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Сондай-ақ балалардың ойлау қабілетін дамытады.
Жақында Ивановка ауылында жергілікті тұрғындардың бастамасы мен биліктің қолдауының арқасында балалар ойын алаңы іске қосылды. Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың Новодовровка ауылдық округінің тұрғындарына есеп беру кездесулерінің бірінде Динара Қырықпаева Ивановка ауылындағы саябақты абаттандыру мәселесін көтерген еді. Бұл ұсыныс бірден жүзеге асты. Аудандық бюджеттен 6 млн 700 мың теңге қаржы бөлінді. Ал саябақты абаттандыру жұмыстарын «Бастау» мердігері жүргізді.
Жұмыс осы жылдың қазан айында басталды. Ал 13 қарашада балалар алаңының салтанатты ашылуы өтті. Лента қию құрметі ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің мүшелері – Лидия Николаевна мен Советқали Закиевичке берілді.
Дәл осы сәтті күткен балалардың жүздері бал-бұл жайнап, ересектердің жүздерінен ризашылық байқалды. Осылайша, бүлдіршіндер жаңа ойын алаңында асыр салып ойнады. Бұл алаң тек жергілікті балалар үшін ғана емес, ата-әжесіне келіп, демалысын қызықты өткізгісі келетін басқа да балалар үшін де ерекше сый болды.
Екі сырғанақ, карусель, ат әткеншек, ағаш қоршау, үш жарықтандырғыш шам, қоқыс жәшігі, орындық – осының барлығы балалардың көңіл көтеруіне арналған жаңа ойын алаңының бір бөлігі.
— Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан біз көп жағдайда, олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Балалар өз уақыттарын қызықты өткізетін, тіпті ересек адамдардың өзі демалатын алаңдарды көптеп салуымыз керек. Ойын алаңына орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығының сапасы жоғары, алдағы уақытта біздің тарапымыздан балалардың қауіпсіздігі де жан-жақты ескеріледі, — деді аудан басшысы.
Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?! Сондықтан, ойын алаңын іске қосу туралы ұсынысқа қолдау білдірген аудан әкіміне ата-аналардың алғысы шексіз.
Бұл ретте, жобаны талқылауға жергілікті қоғамдастықтың қатысуы өте маңызды болды. Тұрғындардың талап-тілектері мен пікірлері мұқият ескерілді, бұл маңызды бастамаға ерекше сипат берді. Құрылыс кезінде жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Павел Латраидер нысанның құрылысын қадағалап, болашақта учаскенің қосымша элементін – ағаш үйді жасау арқылы жобаға қосымша үлес қосуды жоспарлап отыр.
— Бұл біздің округ үшін атқарылған ауқымды жұмыс». Қазір балалардың ойнайтын, достарымен кездесетін қауіпсіз жері бар, — дейді округ тұрғыны ризашылықпен.
Ивановка ауылына қатысты жоспарларға саябақ жанына воркаут алаңын орнату кіреді. Сондай-ақ, Подхоз Березовкада 2024 жылға дейін іске қосу көзделген балалар ойын алаңының құрылысына сметалық құжаттама дайындалды. Бұл жоба ауданның әрбір тұрғынының пікірін құрметтеудің айқын айғағы ғана емес, билік пен азаматтардың ортақ мүдде үшін күш біріктіре алатынының жарқын үлгісіне айналды.
Аллдағы уақытта ауданның өзге де округтері тұрғындарының өтініштері ескеріліп, ауылдарды көркейту бағытында ауқымды жұмыстар арқарылады деген сенімдеміз.
Азамат СМАГУЛОВ