Халқымыз: «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ»,- демей ме?! Өмірде қателесіп, сол қателіктен сабақ алып, дұрыс жолға түсетін жандар бар. Сондықтан да мемлекетімізде істі болып, жазасын өтеп келген жандарды өзекке теппей, керісінше, моральдық-психологиялық және әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан тиісті көмек беріліп, еркін өмірге тез сіңісіп кетуіне жағдай жасалуда.
Осы орайда елімізде бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар пробация қызметінің есебіне алынады. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Мағжан Табылдиннің төрағалығымен қылмыстық жазаларды орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста пробация қызметінің жұмысы, жергілікті полиция қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Отырысқа жұмыс берушілер қатарынан «Полюс Арсенал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Семей Орманы» мемлекеттік орман резерваты, «Орлов» өндірістік кешені өкілдері қатысты.
Пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота беріледі.
Абай облысы бойынша ҚАЖД Бородулиха аудандық ПҚБ бастығы, әділет майоры К.Бодаевтың мәліметіне сәйкес, Бородулиха аудандық пробация қызметінде есепте 45 сотталған тұрады. Өткен жылы «Пробация үйі» ашылған. Бұл үй тіркелген тұлғаларға өз шапағатын тигізіп келеді. Аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен былтыр пробация қызметі орталық аудандық ауруханамен есеп берушілерге медициналық-психологиялық көмек көрсету туралы меморандум жасаған. Меморандум аясында тегін медициналық көмек көрсетіледі. Өткен жылы аудан прокуратурасы ПҚ және жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, 4 сотталған жұмысқа орналастырылған. Дәл сондай жәрмеңке ағымдағы жылдың қаңтарында да ұйымдастырылып, оған Мансап орталығының, жұмыспен қамту бөлімінің, аудандандық аурухананың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері және жұмыс берушілер қатысып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 3 адам жұмысқа орналастырылды.
Жалпы, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 7 кәсіпорын мен ұйымдарда 16 жұмыс орыны қарастырылған.
Жүзеге асырылып жатқан бұл шаралардың басты мақсаты – жазасын өтеп келгендердің қайтадан қылмыс жасауға ұмтылу әрекеттерінің алдын алу, қылмысқа итермелейтін себептерге жол бермеу және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандардың қоғамдық өмірге тезірек бейімделіп кетуіне жағдай жасау.
Әйгерім ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»