Жуырда аудан әкімдігінде Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Негізгі тақырып — өрт қаупі жоғары және шомылу маусымының алдында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою шаралары, сондай-ақ қазіргі су тасқыны жағдайы.
Алдымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан алдын алу шаралары туралы ақпарат тыңдалды. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерге ерекше назар аударылып жатқаны атап өтілді. Мұндай жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды.
Сонымен қатар, жиын барысында алдағы шомылу маусымына дайындық және жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Бұл ретте тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, рұқсат етілген су айдындары мен жағажай аймақтарының дайындығын тексеру, ал шомылуға тыйым салынған орындарға ескерту белгілерін орнату тапсырылды.
Үшінші мәселе ретінде қауіпті метеорологиялық құбылыстардың шатырлардың ұшуы мен ғимараттардың құлауы салдарының алдын алу жұмыстары талқыланды.
Сондай-ақ, су тасқыны қаупі бар кезеңнің өту барысы да кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда, ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Барлық ұсыныстар мен ескертулер аудан басшылығы тарапынан бақылауға алынады. Төтенше жағдайларға уақтылы әрі тиімді ден қою тек барлық қызметтердің және жергілікті органдардың үйлесімді жұмысы арқылы мүмкін болады.
Өз тілшіміз