Мешіт – адам жанына жылулық ұялатып, ерекше бір сезімге бөлейтін, жүрегіміз тыныштық табатын ізгілік мекені. Адамдардың имандылыққа бет бұратын. құлшылық жасайтын осындай имандылық үйі Бородулиха ауданында бой көтеруде.
Аудан орталығында, Қарабай мешітінің жанынан бой көтерген ғибадат үйінің аумағы 15х25 метр, мұнараларының биіктігі 18 метр, күмбезінің биіктігі 3 метр, диаметрі 6 метр.
— Бұл мешітімізде халқымызға рухани азық сыйлайтын, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойларына салт-санамызды сіңіруге мүмкіндік беретін орта болмақ. Мұнда діни, мәдени іс-шаралар өткізілетін болады. Алланың қалауымен өткен жылы мамыр айында мешіт құрылысы басталған болатын. Шекаралық аумақ және көп ұлтты аудан болғандықтан, алыстан менмұндалап көрініп тұрсын деген ниетпен құлшылық үйін зәулім етіп, жобасын ерекше жасауға тырыстық,- дейді Бородулиха аудандық Қарбай мешітінің бас имамы Әріпжан Қожанұлы.
Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында құран оқитын бөлме, имам бөлмесі, намаз оқитын үлкен зал және дәрет алуға арналған шағын бөлмелер болады. Екінші қабат әйел адамдарға арналған. Бір ерекшелігі — әйелдердің ерлермен кезікпей, бірден екінші қабатқа көтеріліп кетулеріне жағдай жасалыпты. Сонымен қоса мешіт ауласында дәрет алуға арналған жеке ғимарат салынған. Мешіт пен бұл ғимарат арасы дәлізбен жалғаспақ. Жылыту мақсатында заманауи пеш те орнатылыпты. Қазіргі таңда мешіт ішін әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Ғимараттың ішкі жұмыстары екі апта уақыт шамасында аяқталады. Содан кейін сыртқы жұмыстары бар. Шамамен екі ай көлемінде имандылық үйі пайдалануға беріледі деген үміттеміз. Мешіт аудан халқының көмектерінің арқасында салынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін құрылысқа халықтың демеушілігімен жиналған 150 млн теңге жұмсалды. Барша қолдау білдірген жандарға алғыс айтамыз. Көк мұнара алыстан көрініп, азан айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Елім, жерім деген патриот азаматтарды мешіт құрылысын қолдауға шақырамыз,- дейді ауданның бас имамы.
Айта кетсек, құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мешіт аумағы абаттандырылып, балалар алаңы орнатылады деп жоспарланып отыр.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»