Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы – өскелең ұрпақ қана емес, барша адам баласының айнасы секілді.
Ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Сол сенім үдесінен шығып, ұлағатты жан атанған мұғалімдердің бірі – Рысалды Тютенова.
Рысалды Жұмағалиқызы 1958 жылы 19 желтоқсанда Семей облысының Новопокровка ауданындағы Зубаир ауылында туған.
1981 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін үздік дипломмен бітірген ол еңбек жолын Жаңасемей ауданының Шаған мектебінің химия-биология пәндерінің мұғалімі болып бастады. 1987-2022 жылдар аралығында Бородулиха ауданындағы Зубаир орта мектебінде химия мұғалімі және директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып қызмет атқарды. 2022-2023 оқу жылынан бастап кітапханашы, химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
Рысалды Жұмағалиқызы 43 жылдық еңбек өтілінің 39 жылында мектеп мұғалімі, 4 жыл Жданов атындағы кеңшар бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Жастар ұйымдарына басшылық жасап, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары ретінде педагогикалық ұжымда екі мектеп директорын, төрт оқу тәрбие бойынша орынбасарларды тәрбиелеп шығарды.
Аудан бойынша бірінші болып, 2015 жылы мектеп мұғалімдерінің жұмыс формасын енгізгендігін, тарихи-өлкетану мұражайының ашылуына мұрындық болғанын айта кеткен жөн болар. Бұл мұражай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тарих мұрасы» жобасының аясында 2021 жылы аудандық «Үздік мектеп музейі» аудандық байқауында жыл жүлделі 2 орын алды. Осы жылы «Ауылымның қысқаша тарихы» атты қашықтықтан өткен байқауда 7 сынып оқушысы Балжан Хисамутдинова жүлделі 2 орын алды.
Мектепте ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Өнеге» журналын шығарды.
1999 жылдан бастап жыл сайын көктемде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу махаббаттың алтын діңгегі» атты мереке өткізуді дәстүрге айналдырды. Жас жеткіншектер бойына ата-бабадан мирас болып қалған құндылықтарды сіңіруді басты борышы деп түсінген ол мектептің тәрбие жұмысына «Атамекен» ғылыми бағдарламасын енгізіп, мектеп ұжымын осы міндетті шешуге жұмылдырды.
Мұғалімдердің кәсіптік біліктілік санатын көтеруге, озық тәжірибені таратуға, мұғалімдердің ынтасын арттыруға мүмкіндік беретін «Жыл мұғалімі», «Таңдаулы әдістемелік бірлестік», «Таңдаулы сынып жетекшісі», «Ең үздік сабақ жоспары», әдістемелік олимпиада, ашық сабақтар фестивалі сынды шараларды жүйелі ұйымдастыра білді.
2007 жылы аудан көлемінде математика мұғалімі А.Садықовтың озық тәжірибесін тарату мақсатында аудан ұстаздары мен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ғалымдары қатысқан аудандық семинар жоғары деңгейде өтті. Математика мұғалімі Т.Сүлейменовтың шығармашылық кеші де мазмұнды ұйымдастырылды.
2015 жылы «Қазақстанның тұрақты даму факторы ретінде мектептің білім мазмұнына ұлттық құндылықтарды кіріктіру» атты аудандық семинар ұйымдастырды.
Педагогикалық ұжымдағы әр ұстаздың шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар берді, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Г.Ерубаева Достаевский мұражайы мен Невзоровтардың отбасылық өнер мұражайымен байланыс орнатты, дене тәрбиесі мұғалімі И.Құрманғалиев ММА шығыс жекпе-жегі жарыстарына республикалық деңгейде шықты.
Кеден шекара бекетімен, аудандық шығармашылық үйімен, көршілес мектептермен тығыз байланыс орнатты.
Еңбекқор жан 1997 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағын алды.
2005 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына -10 жыл» мерекелік медалімен, 2023 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Ауыл, аудан жұртшылығы арасында абырой, беделге ие болған Рысалды Жұмағалиқызы аудан, облыс әкімдерінің қабылдауында болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мектеп кітапханашысы ретінде республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды, халықаралық кітапханашылар вебинарына қатысып, сертификат иеленді.
Мектептің ардагер ұстаздары Кеңесінің төрайымы ретінде «Талантты ұстаз-ел өрісі» атты облыстық фестиваль-байқауға мектептің ардагер ұстазы А.Садықов пен жас ұстаз А.Асылханқызын дайындап, Бородулиха ауданының намысын қорғап, жүлделі 3 орын алды.
Қоғамдық жұмыстарға әрдайым белсенді қатысатын жан ұзақ жылдардан бері учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі.
Жаңа оқу жылынан бастап, Бородулиха аудандық ардагер ұстаздар Кеңесінің төрайымы болып сайланды. Ауыл, аудан өміріндегі іс шараларды ұйымдастыруға үлесін қосып келе жатқан аяулы жанның еңбегіне табыс, деніне саулық тілейміз.
Бородулиха ауданының білім бөлімі