Ұстаз ұғымының мәні терең. Ол – жан дүниесі мен болмыс-бітімі тектілік пен ізгіліктен тұратын мамандық иесі. Өз өмірін балаларды оқытумен байланыстырған жан ғана «ұстаз» деген ұлы есімге сай болмақ. Ұстаздың қоғамдағы рөлі қандай? Ол қандай болуы керек? Оның жауабы – айқын.
Ең алдымен, балаларға керекті жан болмақ керек. Адам бірден ұстаз болып жаратылмайды. Барлығы балалық шақтан, ата-ананың тәлімінен, еңбекке баулудан басталады. Адам жасынан ынталы, білімпаз, белсенді болып, мектепте жақсы оқып, отбасына көмегі тисе, нұр үстіне нұр!
Осындай ізгі қасиеттер Абай облысының Бородулиха ауданындағы Жезкент кентінің мектеп-лицейінде 10 жыл бойы жұмыс атқарып келе жатқан Қанат Амангелдіұлы Елубаевтың бойында шоғырланған.
Ол жастайынан гуманитарлық пәндерге қызығып, білімін шыңдаса, қазіргі уақытта өзінің сүйікті ісімен – балаларға тарих және құқық пәндерінен сабақ берумен айналысуда. Екі университетте оқып жүріп, заң және педагогикалық бағытта алған білімдері оның ересек өміріне жолдама берді.
Қытайдың ұлы ғұламасы Конфуций: «Ескіні қастерлеп, жаңаны ұғатын адам ұстаз бола алады» деген екен. Бұл сөздер Қанат Амангелдіұлының педагогикалық қызметіне желеу болды. Өйткені, балаға білім беру үшін ұстаздың өзі көп ізденіп, жаңаны санаға тоқып, үйренгені абзал. Осылайша, ұстаз бен оқушы бірге өседі. Үнемі іздену, өздігінен білім алу – Қанат Амангелдіұлының бойындағы мықты артықшылық, себебі, мұндай қасиет жаңартылған мектеп талаптарының аясында тез өзгеруге мүмкіндік береді. Ол оқушыларымен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Даярлаған оқушыларының облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жеңістерге жетуі – жүргізілген еңбектің, шығармашылық жұмыстың нәтижесі.
Қанат Елубаевтың оқушыларының жетістігі – оның тәжірибелік қызметінің кәсіби жетістігі. Ол – облыстық және республикалық кәсіби сайыстардың жеңімпазы. Қол жеткізген жоғары мәртебесінің бірі – «Үздік педагог 2020» атағына ие болуы.
Мектебі, оқушылары және сүйікті жұмысы – ұстазды бақытты етер кілттердің бірі. Себебі, жанына тіреу болар зайыбы, қолқанат екі ұлы – Асанәлі мен Нұрәлі бар. Қанат Амангелдіұлының мейірімді әрі қамқор жары Наталья да педагог. Зайыбы мен балалары оның барлық бастамасын қолдап, түсіністікпен қарайды. Бүгінде кейіпкеріміз өзінің отбасымен жұмыла үлкен күшке айналып, мағыналы өмір сүруде.
Сондай-ақ, Канат Амангелдіұлы – «Шексіз мектеп 1+1» жобасының ерікті волонтері. Мұғалім ерекше білім беру қажетті оқушыларды даярлауда өтеусіз көмек көрсетіп, оларға қашықтықтан білім беріп, еліміздің және шетелдік ЖОО-ға түсуіне жәрдемдеседі.
Өнері өрге жүзген ұстаздың бос уақытындағы сүйікті ісі – сурет салу. Ол оқушыларына кескіндеме салуды үйретіп, олардың бойында сұлулыққа құштарлықты оятуда ерен еңбек етеді. Бұл оқушылардың жан дүниесін дамытып қана қоймай, туған өлкесін мақтан тұтуға баулиды. Балалар кескіндеме салуда ұстазының өнерін бойларына сіңіріп, жетістіктерімен қуантуда.
Канат Елубаевтың тарих және құқық пәнінің ұстазы ретіндегі еңбек қызметі сан тарапты. Қол жеткізген нәтижелеріне қарамастан, білімін үнемі толықтырып, жетілдіріп отыру, өмір сүріп жатқан уақытқа сәйкес болу – ұстаздың басты ұстанымы. Педагогикалық шеберлігі – кездейсоқ олжа, сәтті табыс емес, ол күнделікті ұзақ ойлар мен қуанышты жаңалықтарға толы жүйелі, тынымсыз ізденіс пен еңбектің нәтижесі.
Ербол Тимирбулатов