Дүйсенбі күні жұмыс кестесіне сәйкес аудан әкімі Айдар Ибраев азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген аудан орталығындағы екі қабатты үйлердің тұрғындары орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылу туралы өтініштерімен қайта жүгінді. Тұрғындардың тілегін тыңдаған соң аудан басшысы мәселе оң шешім табатынын, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
— Бұған дейін ТКШ бөлімінің басшысына және ауылдық округ әкіміне қазандықтың жылу трассасын ағымдағы жөндеуге сметалық есеп жасауды тапсырған болатынмын. Бүгінгі таңда сметалық есеп дайын. Бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін жөндеу жұмыстарын орындауға конкурс жарияланады. Мердігерді таңдағаннан кейін қажетті іс-шаралар дереу басталады,- деді Айдар Маратұлы.
Сонымен қатар, қабылдауға жазылған аудандық мәдениет үйі жанындағы вокалдық үйірменің жетекшісі жаз маусымында Түркия елінде өтетін халықаралық байқауға қатысу үшін бюджеттен қаражат бөлу туралы өтінішпен жүгінді. Алайда, аудан басшысы бюджет қаражатын бұл мақсатта пайдалануға болмайтындығы туралы түсіндіріп, орынбасарларына осы іс-шараға демеушілік жасауға ниетті жандарды табуды тапсырды.
Айкөркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»