Бородулиха ауданының әкімі міндетін атқарушы Талғат Мұратов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған бекітілген график бойынша ауылдық округтерді аралау және халықпен жүздесу сапары толық аяқталды. Аудан басшылығы бұл жиындардың халықпен тікелей пікір алмасу мақсатында, ашық әрі еркін форматта өтуіне баса назар аударды. Округ әкімдерінің есебінен кейін тұрғындар көкейіндегі сұрақтарын тікелей қойып, нақты жауаптар алды.
Инфрақұрылымдық даму және жаңа құрылыстар
Жұмыс сапары аясында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен ішкі инфрақұрылымын жақсарту мәселелері кеңінен сөз болды. Аудан басшысы Талғат Батырұлы әр ауылдық округтегі құрылыс қарқыны мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін арнайы аралап көрді.
Мәселен, әкім аралаған Петропавловка ауылдық округінде заманауи өрт сөндіру бекеті ашылып, дәрігерлік амбулатория мен мектеп ауласына күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, спорттық-демалыс орталығы мен шағын футбол алаңы іске қосылып, баспана мәселесін шешу мақсатында үш бірдей екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған.
Аудан басшысының жіті қадағалауында болған Новопокровка ауылындағы жаңа ауылдық клуб ғимаратының құрылысы толық аяқталып, алдағы екі ай ішінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Подборный округі Камышенка ауылында бой көтерген 100 орындық жаңа ауылдық клубта тұрғындар қоғамдық кездесулер өткізе бастаса, Құнарлы округі Песчанка ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетінің іргетасы құйылуда. Тұрғындарды көп мазалайтын көше жарығы бойынша Зубаир, Жаңаауыл, Петропавловка және Белағаш ауылдарында жаңарту мен жарықтандыру желілерін кеңейту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.
«Таза Қазақстан» және абаттандыру
Кездесулер барысында ауылдарды абаттандыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының орындалу барысына ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі міндетін атқарушытазалық пен туған жерге деген жауапкершілік әрбір тұрғынның күнделікті мәдениетіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Белағаш тұрғындары бұл мәдениетті бала кезден, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажеттігі туралы маңызды пікір білдірді.
Новопокровка ауылдық округінде абаттандыру комиссиясы құрылып, тазалық талаптарын бұзғандарға берілген 13 ресми ескертудің 11-і толық орындалған. Сондай-ақ, Степной ауылдық округінде егістік жерлердің белгіленген талаптарды бұза отырып, автокөлік жолының жиегіне дейін жыртылып жатқаны сынға алынып, тез арада ретке келтіру қаулы етілді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі міндетін атқарушыТалғат Батырұлы мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жеке сектордың өз туған ауылдарын дамытуға қосқан нақты үлесімен және демеушілік жобаларымен арнайы барып танысты.
Мәселен, аудан басшысы аралап көрген Новопокровка ауылында «Лина Агро» ЖШС-нің демеушілік қаржысы есебінен жергілікті демалыс саябағы заманауи балалар ойын алаңымен, беседкалармен және ыңғайлы орындықтармен жабдықталып, толық қоршалған. Мұндай ізгі бастаманы ауылды көркейтудің жарқын үлгісі деп бағалаған әкім Белағаш округіндегі игі істерді де назардан тыс қалдырмады. Белағашта шаруа қожалығының жетекшісі Константин Поп өз қаражатына өрт сөндіру бекетін ашып, биыл жаңа жеке ғимарат салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Жазғы өрт қаупі жоғары кезеңде мұндай әлеуметтік жауапкершілік танытудың маңызы зор екені кездесуде ерекше аталды.
Таврия округі Буркотово ауылында әкіммен жүздескен «Буркотовское» ЖШС директоры Сергей Шеслер егіс науқаны аяқталған соң көпірді жөндеуге техникалық көмек көрсетумен қатар, «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында қоныс аударатын отбасыларды баспанамен және тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге әзір екенін жеткізді. Сонымен қатар, Петропавловкалық кәсіпкерлер де ауыл көшелеріне қиыршық тас төсеу мен ішкі жолдарды грейдерлеу жұмыстарына тұрақты демеушілік қолдау көрсетіп келеді. Аудан басшысы Талғат Батырұлы елдің игілігі үшін еңбек етіп жатқан осындай жанашыр азаматтар мен шаруа иелерінің ісіне ризашылық білдіріп, мемлекет пен бизнестің серіктестігі алдағы уақытта да нығая беретінін атап өтті.
Қордаланған мәселелер мен шешу жолдары
Еркін форматтағы пікір алмасу кезінде жергілікті халық өңірдегі ең өзекті түйткілдерді алға тартты.
Су және жол мәселесі: Шелехово, Дмитриевка, Коростели және Андреевка ауылдарында ауыз су жүйесінің сапасы мен магистральдық су құбыры желілерінің тозуы қатты талқыланды. Әкімдік Белағаш топтық су құбырының жұмысына қатысты тиісті тексеру жүргізетін болды. Сахновка ауылын сумен қамту бойынша ЖСҚ дайындалып, облысқа бюджеттік өтінім жолданды. Сондай-ақ, «Шелехово – Белағаш», «Сарноғай – Белағаш», «Бородулиха – Жерновка» және Ауыл станциясы мен Коростели арасындағы жолдарды жөндеу мәселелері бақылауға алынды.
Жер және ауыл шаруашылығы: Зубаир және Дмитриевка ауылдарында төрт түлікті өргізетін жайылымдық жерлердің тапшылығы көтерілді. Подборный округіне 840 гектар жайылым жердің мемлекет меншігіне қайтарылуы елеулі нәтиже ретінде аталды. Жерновкада орман ағаштарын тасымалдайтын ауыр техникалардың жолды бүлдіруін шектеу үшін қосымша жол белгілерін орнату ұсынылды.
Кадр тапшылығы және әлеуметтік сұрақтар: Дмитриевка мен Красный Яр ауылдарында тар бейіндегі дәрігерлер мен ветеринар мамандардың жетіспеушілігі айтылды. Коростелиде зейнеткерлер үшін «Halyk Bank» банкоматын орнату және жас боксшыларға ауылдық клубтан тұрақты жаттығу орнын қарастыру мәселелері көтерілді.
Қауіпсіздік пен тәртіп – басты назарда
Жұмыс сапарлары кезінде ауылдық округтердің жазғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы да қатар тексерілді. Подборный мен Песчанка округтерінде өрт сөндіруге қажетті су бүріккіштер мен құралдар назарға алынса, Красный Яр ауылында өрт сөндіруге арналған арнайы ұрғыш құралдар (хлопушка) саны жеткіліксіз екендігі анықталып. жауапты тұлғаларға бұл олқылықты жедел жою тапсырылды
Жиындарға қатысқан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары туралы ескертті. Тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мопедтер мен электрлі велосипедтерді міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізу және жүргізуші куәлігінің болуы талап етілетінін қатаң ескертті.
Халықпен бетпе-бет жүздесу – ауыл тұрғындарын мазалаған шынайы мәселелерді жергілікті жерде анық көруге және оларды уақытылы шешуге мүмкіндік беретін ең тиімді құрал болып қала бермек. Аудан әкімдігі көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бақылауға алды.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

