Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» немесе «Бірінші байлық – денсаулық», – деп бекер айтпаған. Бірақ, осы нақыл сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін сезінбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Спорттың адам өмірі үшін маңызын бұдан әрі айта түсудің өзі де артығырақ секілді. Бірақ ең алдымен, «Спортпен шұғылдануға уақыт табылмай жүр» деген сылтаудан құтылған абзал.
Салауатты өмір сүрудің, тазалықты сақтаудың белгілі ережелерін білмейтін жан да кемде-кем. Тіпті ол мектеп бағдарламасына да енгізілген. Бірақ оған көпшілігіміз күнделікті өмірде аса мән бермейміз.
«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді сезініп, өзіне деген сенімділігін артады екен.
Жыл сайын тамыз айының үшінші аптасы елімізде спорт күні ретінде аталып өтеді. Жартыжылдықта атқарылған істердің қорытындысы шығарылып, алдағы күндердің жоспары бекітіледі. Спорт – адамның денсаулығын нығайту құралы ғана емес, ел мәртебесін әлемде асқақтататын бірден бір күш саналады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда спорттың дамуына айырықша көңіл бөлінуде. Спортпен айналысу тек денсаулыққа ғана пайдалы емес. Сонымен қатар, оны насихаттау мақсатында елімізде әртүрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп отырады.
Отанымыз күннен күнге қарыштап, дамып келе жатыр. Біле білсек, экономикасы дамыған мемлекет спортқа көп көңіл бөледі. Алғаш егемендік алған жылдары спортқа көңіл бөлінбей, қолдау аз болды. Ал қазір бұл салаға айрықша көңіл бөлінуде.
Жақында Бородулиха ауданында спорт күні аталып өтті. Біздің облысымызда, ауданымызда да тұрғындарды жаппай спортқа тарту шаралары қолға алынған. Ауданда спортты дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Салтанатты іс-шараға ауданның үздік спортшылары, спорт ардагерлері жиналды. Сол күні аудан әкімінің орынбасары Мағжан Еренғайыпұлы да арнайы келіп, осы айтулы күннің қарсаңында спорт ардагерлерімен жүздесті. Ол спортшылар қауымын мерекемен құттықтай келе, жаңа жетістік мен кәсіби табыс тіледі. Одан кейін спорт ардагері Евгений Лавреновқа сөз берілді. Ол барлық спортшыларды спорт күнімен құттықтап, жиналғандарға бейбіт өмір, мол жақсылық тіледі. Себебі, спортшылардың жетістіке жетуі – жаттықтырушылар еңбегінің жемісі.
Бұдан кейін спорт саласындағы жоғары нәтижелері үшін бірқатар аудан спортшылары мен ардагерлері Бородулиха ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бородулиха ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне адалдығы үшін Бородулиха ауданында дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Евгений Лавренов, жоғары спорттық жетістіктері мен батылдығы, жеңіске деген жігері, жаттығудағы жанқиярлық еңбегі, байсалдылығы, спортқа деген сенімі үшін бокстан спорт шеберіне кандидат, Абай облысы құрама командасының мүшесі Әлімжан Қадырбаев марапатталды.
Шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, қысқы президенттік көпсайыста облыс чемпионы болған Екатерина Боровикова да Бородулиха ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бокстан спорт шеберіне кандидат, Абай облысы құрама командасының мүшесі Мадияр Құрамысов, жеңіл атлетикадан Абай облысы құрама командасының мүшесі, республикалық жарыстардың қатысушысы Ангелина Пичитаева, бокстан спорт шеберіне кандидат, Абай облысы құрама командасының мүшесі Әлішер Кісембаев, гір көтеруден Абай облысы құрама командасының мүшесі, республикалық жарыстардың қатысушысы Артем Ганшин марапатталды.
Аудан әкімінің Алғыс хаттарымен аудандық мәслихат депутаты, «Зенковка» жеке шаруашылық серіктестігінің басшысы Мәдижан Құрамысов және
«Раушан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаевтар марапатталды.
Елімізде Спорт күнін мерекелеуге орай, «Жыл мұғалімі» номинациясы бойынша Жезкент орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наталья Акулова, «Үздік спортшы-мемлекеттік қызметкер» номинациясымен степной ауылдық округінің әкімі Әділбек Жүнісов, «Үздік спорттық округ» номинациясы бойынша Новопокровка ауылдық округі, «Жыл спортшысы» номинациясымен дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Бахтияр Файзов, «Ең спорттық жалпы білім беретін мектеп» номинациясы бойынша Николай Островский атындағы орта мектеп, «Жыл жаттықтырушысы» номинациясы бойынша Бородулиха балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Саят Әленов және «Спорттағы үздік отбасы» номинациясы бойынша Уразбаевтар отбасы марапатталды.
Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері концерт пен флешмоб дайындады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің волейбол, бокс, қазақ күресі, дзюдо, каратэ-до, роликті шаңғы және жеңіл атлетикадан көрсетілімдері ұйымдастырылды. Осы күні стадионда аудан әкімінің кубогы үшін ерлер командалары арасында футболдан жарыс, волейболдан турнир, гір көтеруден Жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі, баскетболдан ерлер командалары арасында аудан біріншілігі өтті. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесіне баса мән беруі тиіс. Осы орайда, біз Спортшылар күнімен барлық жерлесімізді, спортшыларды шын ниетімізбен құттықтай келе, ақ тілегімізді арнаймыз. Азаматтарымыз аттан, қазанымыз оттан түспесін! Елімізде тыныштық болсын.
Сұлтан Ибрагимов