Табиғат – адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы. Қазіргі кезде экология мәселесі күрделеніп барады. Экологияны қорғау, табиғатты сақтау – жастардың қолында.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат тазалығы — бүгінгі күннің басты талабы.
Қазіргі таңда әлемдегі қоқыс мәселесі – күн тәртібінде тұрған негізгі тақырыптардың бірі. Өнеркәсіптің қарқынды дамуы мен тұтыну көлемінің артуына байланысты өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың саны күрт өсіп келеді. Әлемдік ластану адамдарға ғана жағымсыз әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар жануарларға, өсімдіктерге және қоршаған ортаға зиянын тигізеді.
20 қыркүйек күні Буркотов орта мектебінде «Ауылымыздың табиғатын сақтайық» атты экологиялық акция өтті. 3-11 сынып оқушылары мен мұғалімдер мектеп маңындағы орман екпелері мен маңайындағы қоқыстарды жинап, сол арқылы табиғаттың біздің үйіміз екенін, оны таза ұстау керектігін өзгелерге паш етті. Акцияның мақсаты – балаларды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақыру. Сондай-ақ, тәрбиленуші балалар арасында қамқорлық, бауырмашылдық қасиеттерді орнатып, еңбексүйгіштікке баулу.
— Осындай іс-шаралардың балалар тәрбиесіне қосар үлесі зор. Балалар біздің – болашағымыз. Кішкентай кезінен еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауды санасына сіңіріп өскен бала үлкен жетістік әкеледі. Табиғат жанашыры болып, өз ортасын таза ұстауға үлесін қосқан әрбір тәрбиленуші үшін бұл жауапты іс, — дейді ауылдық округтің тұрғыны.
Аймақты тазалау кезінде көп мөлшерде әйнек сынықтары жиналды, ал бұл өрттің шығуына себепші болады. Барлық қоқыс арнайы дорбаларға салынып, полигонға жіберілді.
Осындай экологиялық акцияларға қатыса отырып, біз балаларды табиғатты қадірлей білуге үйретіп, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін ұялатып қана қоймай, табиғатқа зиянын тигізетін әрекеттердің алдын алу міндетін қойдық. Бүгінде бұл жұмыстың қажетті әрі маңызды екеніне, оны үнемі жүргізіп отыру қажеттігіне, сонда ғана біз бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз.
А. Фудченко,
Буркотов орта мектебінің
биология пәні мұғалімі