Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Бес апатаға жоспарланған акцияның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналады.
Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы — «Таза өлке». Бұл апталықта Бородулиха ауданындағы елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартып, 500 қаптан астам қоқыс жинады.
20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады. Ал сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады. Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»