31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ел тарихындағы ең қайғылы кезеңнің бірі – 1930–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен жаппай репрессиялар. Бұл кезеңде миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті, 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С.Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С.Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың қатарында өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, дін өкілдері, қарапайым мұғалімдер мен дәрігерлер болды. Олардың көпшілігі кінәсіз еді. «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, олар азапты лагерлерге қамалды, отбасылары қуғынға ұшырады.
Жуырда ГУЛАГ жүйесінің ең ірі лагерлерінің бірі – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (ҚарЛАГ) орналасқан Долинка ауылындағы музейге бару мүмкіндігі бұйырды. Кезінде 1 миллион гектардан астам аумақты алып жатқан бұл лагерьде 50 мыңнан астам адам қамалған. Олар ауыр еңбекке жегіліп, адам төзгісіз жағдайда өмір сүрді. Көпшілігі сол жерде қайтыс болып, аты-жөні белгісіз күйде жерленген.
Музейде ҚарЛАГқа байланысты көптеген кітаптар, естеліктер және қолжазбалар сақтаулы тұр.
Қарапайым ғана көрінетін құжаттар, кестелер мен фотосуреттердің ар жағында сан мыңдаған қайғылы тағдыр жатыр. Үйіне оралмаған азаматтар, елімен қоштаса алмаған аналар, балалық шағы болмаған өткен ұрпақ…
Бұл сапар ерекше әсер қалдырды. Замана жылжып, ұрпақтар алмасқанмен, ұлт тарихы қашан да маңыздылығын жоғалтпайды. Тарихты білу бүгінгі көзқарасымызды айқындап, болашағымызды бағдарлау үшін аса қажет.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды. Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», деген болатын.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.
Өткенді ұмытпау – ұрпаққа аманат. Ал аманатқа адал болу – әр азаматтың адамдық борышы.
Сәуле УРАШЕВА,
Бородулиха аудандық
мәслихатының төрағасы