Орталық саябақ алаңында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Саябақтар шеруі» акциясының салтанатты ашылуы өтті. Биылғы іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын табиғи мұраны сақтау маңыздылығына аудару және орманшы мамандығының қадір-қасиетін көрсету. Елдің орман байлығын сақтау, қалпына келтіру және молайту – орманшылар үшін ғана емес, өлке тұрғындары үшін аса жауапты міндет.
Салтанатты жиын барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының туризм және рекреация бөлімінің басшысы Каусар Рамазанов пен 40 жылдан астам уақыт бойы орман шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан инженер Галина Шульгина сөз сөйлеп, қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнады.
Дәстүрге сай, орман шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара соңында қатысушылар Жеңіс саябағында қайың ағаштарының діңдерін әктеп, табиғатқа деген қамқорлық пен Ұлы Жеңіске құрмет білдірді.
Акцияны ұйымдастырушылар – Жастар ресурстық орталығы мен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерват филиалы. Шараға Шығармашылық үйі мен аудандық Мәдениет үйі қолдау көрсетіп, Бородулиха ауданы мектептерінің оқушылары белсене атсалысты.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»