18 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде жаяу бұрқасын соғады.
«Қазгидромет» ШҚ филиалының ақпараты бойынша, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Осы ретте ШҚО ТЖД бірқатар қауіпсіздік шараларын еске салады. Мүмкіндігінше елді мекендерден шықпауға кеңес беріледі. Егер шығу қажет болса, онда жолға мұқият дайындалған жөн. Өзіңізбен бірге сымарқан, күрек, шыны тазалауға арналған қырнауыш, жанармай қоры, шамдар, жылы заттар, телефон, зарядталған Power Bank, қол шам, азық-түлік қоры, ыстық шай құйылған термос және жарқын мата алып жүру керек.
Бұрқасын кезінде автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтауға тиіс. Жаяу жүргінген адамдар да жарақат алу мүмкіндігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет.
Автожолдардың жай-күйі, дауылды ескертулер туралы ақпаратты «Дәрмен» тегін ұялы қосымшасын жүктеу арқылы біле аласыз.
Төтенше жағдайлар туындаған кезде «112» телефоны бойынша хабарлаңыз.