Жыл сайын 18 тамызда Қазақстан Республикасының шекарашылары өзінің кәсіби мерекесін атап өтеді. 1992 жылы дәл осы күні Республикасының «Шекаралық әскерлерді қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойылды. Қазақстан егемендікті алғаннан кейін шекараның ауқымы мен сипаты өзгерді. Қазіргі заманда Қазақстан шекара қызметі бес елмен 15 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын бақылауды жүзеге асырып, тау мен далада ғана емес, Каспий теңізінде, сонымен қатар ауада да өз міндетін жауапкершілікпен атқаып келеді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап еліміздің тыныштығы мен шекарасының қауіпсіздігін қырағылықпен, жоғары жауапкершілікпен күзетіп келе жатқан шекарашылардың еңбегі зор. Елді қорғау қызметі мемлекетіміздің қауіпсіздік саласында қатерлі де қауіпті қызмет болып саналады. Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекара қызметінің қиындықтарын кез келген жанның біле бермесі анық. Еліміз егемендік алып, етек-жеңін қымтап, өз алдына дербес мемлекет құрғасын, территориямызды түгендеп, іргені берік ұстау міндетін шекарашыларға жүктеді. Олардың жауапты істі асқан абыроймен атқарып жатқаны даусыз. Күннің батуы шекара шебінде жұмыс күнінің бітуін білдірмейді.
Бородулиха ауданы Ресей федерациясымен шектескен шекара шебінде орналасқан үлкен аудан болғандықтан, Шекарашы күні кең ауқымда аталып өтеді. Күн демей, түн демей ел шебін қорғау ісінде тынбай қызмет атқарып жүрген сарбаздарға деген құрмет те зор. Осы орайда, мереке қарсаңында Бақы ауылдық округінің Коростели ауылында Шекарашылар күніне арналған мерекелік концерт өтті.
Аталған іс-шара Мемлекеттік әнұранмен басталып, бұдан кейін аудан әкімнің орынбасары М. Табылдин шекарашыларды құттықтады.
«Қымбатты біздің айбынды офицерлер мен сарбаздар, шекара қызметінің ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамызды қорғаудағы еңбектеріңіз орасан. Сіздердің қиын да абыройлы, жауапкершілігі мол істеріңізге табыс, мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз! Жауапты қызметтеріңізде қашан да табыстан табысқа жете беріңіздер! Еліміз аман, шекарамыз тыныш болсын», – деді аудан әкімнің орынбасары.Бұдан кейін ол шекара қызметкерлерін аудан әкімнің Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік іс-шара аудандық Мәдениет үйінің әртістерінің Шекарашылар күніне орай дайындаған концертімен жалғасты. Аудан орталығындағы мәдениет саласының өкілдері атқаратын қызметтері жауапкершілікті талап ететін сарбаздарға арнап ән салып, би билеп, оларды көңіл-күйлерін бір серпілтіп тастады. Жалпы, шекараның беріктігі – ел тыныштығының кепілі екендігін жақсы ұғынатын аудан халқы үшін бұл мереке жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтеді.
Аталған мерекеге орай, ауданымыздың тағы бір шекара аймағында орналасқан Петропавловка аулында және Жезкент кентінде мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің айбынды әскер түрлерінің қатарына кіретін Шекарашылар күні лайықты аталып өтті. Ел тыныштығына өмірін арнаған шекарашыларымыздың мерейі қашан да үстем болсын! Ел қорғаған сақшылардың дендеріне саулық, қызметтеріне жетістік, отбасыларына ынтымақ тілейміз. Еліміздің тыныштығы – сарбаздардың қолында!
Азамат Смагулов