Өлкедегі өркендеген спорт түрлерінің бірі – хоккей. Жуырда елордада хоккейшілеріміз тамаша ойын үлгісін көрсетіп, көрермендер көзайымына айналған болатын. Оларды сол сапардан аудан жұртшылығы құрметпен қарсы алып, аудан әкімі арнайы барып жаттығуларын тамашалаған.
Өткен аптада Зенковка ауылында шайбалы хоккейден турнир өтіп, жас хоккейшілер сынға түсті. Жарысқа Глубокое, Жарма аудандары мен Бақыршық және Зенковка ауылдарының командалары қатысты.
Тартысты өткен ойында жерлестеріміз, Зенковка ауылының командасы қарсыластарына дес бермей, бірінші орын алса, екінші орынды Бақыршық ауылының спортшылары жеңіп алды. Үшінші орын Глубокое ауданының құрамасына бұйырды. Осылайша, ауыспалы кубок турнир иелерінде қалды.
Ойыншылар арасында үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» — Жұманов Надир (Бақыршық ауылы), «Үздік қақпашы» — Төлебаев Дастан (Глубокое ауданы), «Үздік шабуылшы» аталымымен — Мартынюк Даниил (Зенковка ауылы) марапатталды.
Айта кетсек, бұл турнир Константин Поптың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған болатын. Ұйымдастырушылар турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Ә. ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»