Бородулиха ауданында биылғы жылы да экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жүйелі шаралар қарқын алып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында аудан бойынша аумақтарды көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру шаралары белсенді түрде жүргізілуде.
Бұл жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған шаралар жергілікті билік пен халықтың тығыз ынтымақтастығына негізделіп отыр.
Әр аптаның жұма күні аудан мекемелері, білім беру ұйымдары, шағын және орта бизнес өкілдері мен шаруа қожалықтарының қызметкерлері кең ауқымды сенбілікке шығып, өздеріне бекітілген аумақтарды тазартып, көгалдандыру жұмыстарын атқаруда. Бұл күні қоқыс жиналып, ағаштар отырғызылып, гүлзарлар ретке келтірілуде.
Ал сенбі күндері тұрғындар өз аулалары мен көшелерін тазартуға белсенді қатысып келеді. Жастар мен еріктілер де бұл шаралардан шет қалмай, экологиялық тәртіп пен тазалыққа өз үлестерін қосуда.
Қоғамдық тәртіп пен санитарлық нормаларды сақтау да назардан тыс қалмаған. Жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындар арасында санитарлық талаптар мен экологиялық тәртіпті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұл шаралар өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын алуға және жергілікті тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға сеп болуда.
Жуырда өткен апараттың кеңес барысында аудан әкімі Айдар Ибраев өңірдегі жүргізіліп жатқан барлық абаттандыру және тазалық жұмыстарының тікелей өз бақылауында екенін атап өткен болатын. Ол тұрғындар мен ұйымдар арасындағы бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын атап, мұндай шаралардың тек уақытша науқан емес, күнделікті өмір сүру мәдениетіне айналуы тиіс екенін жеткізді.
Бородулиха ауданында атқарылып жатқан бұл экологиялық және абаттандыру жұмыстары — табиғатты қорғауға, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың көрінісі. Мұндай шаралар аудан халқының бірлікпен атқарған еңбегінің, қоршаған ортаға деген жанашыр қатынасының нақты дәлелі.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»