Сенбілік – Кеңес өкіметі еңбекшілерінің өз еркімен ақысыз еңбек етуі, коммунистік шара. Алғашқы сенбілік 1919 жылы 12 сәуірде коммунистердің бастамасы бойынша пайда болды.
Алғашқы жаппай коммунистік сенбілік Мәскеу-Қазан темір жолында 1919 жылы 10 мамырда өтті. Азамат соғысы жылдарында және қайтадан қалпына келтіру кезеңінде де жалғасын тапты.
Енді міне, жаз мезгілі де аяқталып, оның артынан күз мезгілі де аяқ басқалы тұр. Осы кезде барлық адамдар үй маңын тазартып, сенбілік жасайды. Тазалық мәселесі ауыл тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Өздері тазалайды деген кереғар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңесі кетпейді. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, туған ауылымыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосар едік.
Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Жүректерінде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік сезімдерін ояту әрбір адамның азаматтық борышы болуы тиіс. Өз денсаулығымыз мықты болсын десек, қоршаған орта тазалығына баса назар аударайық. Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған ауылымызды аялап, қадірлеу туралы әрбір азамат ойланса екен…
Бородулиха ауданында «Таза жұма» аясында Бородулиха ауданы әкімдігінің қаулысымен ауданымыздың барлық округтерінде, аудан орталығында ұйымдар мен мекемелер қызметкерлері, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жетекшілері өз ғимараттарының маңайында аудан орталығының өздеріне бекітілген жерлерінде тазарту жұмыстарын бастап кетті.
11 шілде күні ауданымыздың еңбек ұжымдары, мекемелер мен ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жастар, тұрғын үй иелері сенбілікке белсене қатысты. Сол күні ауылдағы барлық мекеме, шаруашылық ұжымдары жастар бір кісідей «Үлкен сенбілікке» шығып, көліктер мен басқа да техникалар бөлініп, күл мен қоқыстарды тазалады. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс жасап, үйімізге, ауылымызға, Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге, бір кісідей атсалысуға тиістіміз. Ауылдың көркеюі – өз қолымызда, сондықтан да барша жұртқа айтарым, тазалық – денсаулық кепілі, ауыл ажарлы болса, тұрмысымыз сәнді болады. Ауылымызды таза да жайлы, әдемі мекенге айналдыру үшін бір кісідей сенбілікке қатысайық, ағайын.
Ербол Темирбулатов