Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиада өз мәресіне жетті.
Қорытынды кезеңге барлығы 1088 оқушы қатысты. Олимпиадада барлығы 170 медаль сарапқа салынды. Оның ішінде: 87 қола, 51 күміс және 32 алтын. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада облыстан барған 18 оқушының 11-і жеңімпаз атанды.
Олимпиада нәтижесі бойынша, Абай облысының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 9 қола медаль бар. Жарма ауданының 4 оқушысы, Үржар ауданының 4 оқушысы, Бородулиха ауданының 2 оқушысы, Ақсуат ауданының 1 оқушысы медаль жеңіп алды. Үржар ауданының оқушысына қатысқаны үшін грамота берілді. Ал Бородулиха ауданындағы Жерновка орта мектебінің 11-сынып оқушысы Петр Фольмер International University-ге грант ұтып алды.
Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.
«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы ортақ істі жүзеге асыру қадамына қосқан тағы бір үлес болды. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Әділ және тартысты айқаста сіздер терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіздер. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған, жоғары деңгейдегі медальдарды сенімді түрде жеңіп алған жеңімпаздар үшін шын жүректен қуаныштымын. Сіздерді үлкен жетістіктеріңізбен құттықтаймын!», – деді бірінші вице-министр.
Шығармашыл балалар тек білімді жинақтап, меңгерумен шектелмейді. Әдетте, мұндай балалар бұрыннан бар білімін іс жүзінде қолдана алады және мұнымен тоқтап қалмайтын ең маңызды қасиетке ие. Олар байқауларға, олимпиадаларға, фестивальдерге қатысу және жобалық жұмыстар арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Бұл формаларды қолдану жаңа буын стандарттарын енгізу жағдайында өзекті саналатын оқу-тәрбие және сыныптан тыс жұмыста жоғары сапалы нәтижелерге қол жеткізуге оң әсер етеді. Бала басқалармен бәсекелесуге, өзінің артықшылығын дәлелдеуге ұмтылады, жеңіске жетуді қалайды. Жарыстар мен олимпиадаларға қатысу баланың ой-өрісін кеңейтіп, білімін тереңдетуге көмектеседі.
«Мен бұл олимпиадаға қуана-қауана қатыстым. Ауыл мектептері үшін ұйымдастырылған байқау – интеллектуалды өсуге тамаша мүмкіндік. Олимпиадада тек жүлде иеленіп қана қоймай, жаңа достар таптық, тәжірибе жинадық. Осындай мүмкіндік үшін көп рахмет», – деді Петр Фольмер.
Айта кетейік, қорытынды кезеңнің барлық қатысушысы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал бірінші дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 22-28 қаңтары аралығында Астана қаласында өтеді. Оған Абай облысынан 18 оқушы қатысады.
Жеңіс шығармашылықты, еңбек пен сәттілікті қажет етеді. Жеңіс – қажырлы еңбек пен көп ізденістің жемісі. Күрделі олимпиада тапсырмаларын орындау барысында Петр Фольмер табандылық пен дәстүрлі емес ойлау жүйесін көрсетті.
Бұл олимпиадаға қатысу тәжірибесі оған көп нәрсені үйреткеніне сенімдіміз. Осы орайда, Петрдің талантын шыңдауға үлес қосқан ата-аналары және ұстаздарына алғысымызды білдіреміз. Ал Петр Фольмерге сәттілік және шығармашылық шабыт тілейміз!
Ербол Темирбулатов