Адам өміріне араша түсу – тек кәсіби құтқарушылардың ғана емес, жүрегі «елім» деп соққан әрбір жанашыр азаматтың парызы. Осындай ізгі миссияны серік еткен Бородулиха ауданы, Красный Яр ауылының тұрғыны Арина Аркуша Алматы қаласында өткен Республикалық еріктілер форумында Абай облысының намысын абыроймен қорғап қайтты.
Арина күнделікті өмірде Краснояр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарады. Ал бос уақытын толығымен еріктілік қызметке арнаған. Ол 2022 жылы елімізге танымал «LIDER.KZ» іздестіру-құтқару қозғалысының қатарына қосылды. Өткен жылы Төтенше жағдайлар департаменті мамандары ұйымдастырған арнайы оқу-жаттығу курсынан өтіп, емтиханды сәтті тапсырды. Нәтижесінде ҚР ТЖМ Еріктілердің мобильді тобының сертификатына ие болды.
Республикалық форум – еліміздің әр өңірінен келген пікірлестер үшін тәжірибе алмасып қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын шыңдайтын үлкен алаңға айналды. Бес адамнан құралған облыстық құрама сапында Арина ҚР ТЖМ Еріктілердің мобильді топтарына арналған теориялық және практикалық сабақтарға белсене қатысты.
Бағдарламаның алғашқы күнінде қатысушылар үйінділер астынан адамдарды құтқару, зардап шеккендерді зембілмен тасымалдау және алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін меңгерді. Сонымен қатар, еріктілер аспалы өткелден өту, өрт эстафетасы секілді күрделі кезеңдерде ширақтылық танытып, кәсіби құтқарушылардың нағыз көмекшісі екенін дәлелдеді.
Арина үшін бұл білім тек теория жүзінде қалған жоқ. Ол өзге де еріктілермен бірге жоғалған адамдарды іздестіру операцияларына тұрақты түрде қатысып келеді.
— «Мен ерікті болғысы келетін жандарға алғашқы қадамды жасаудан қорықпауға кеңес берер едім. Еріктілік – айналаңа пайдалы болудан басталады. Ең бастысы – жауапкершілік, бейжай қарамау және командада жұмыс істей білу», — дейді Арина Аркуша.
Бүгінде мобильді еріктілер топтары кәсіби мамандардың оң қанатына айналуда. Олардың іздестіру жұмыстарына қатысуы, алғашқы көмек көрсетуі мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысуы кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге үлкен септігін тигізеді. Красный Яр ауылынан шыққан Аринаның бұл жетістігі – көмекке әзір болу жеке бастамадан басталып, уақыт өте келе аймақ намысын республикалық деңгейде қорғайтын үлкен қоғамдық іске ұласатынының жарқын дәлелі.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

