Бородулиха ауданы әкімдігінің отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мағжан Табылдиннің төрағалығымен өткен отырысқа Бесқарағай ауданы мәслихатының төрағасы Сәуле Урашева, мекемелер мен бөлімдердің басшылары, округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру туралы Бородулиха ауданының архитектура, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бейсенғали Маймақов есеп берді.
Бейсенғали Меңдіғалиұлы өз сөзінде Жаңа Шүлбі, Петропавловка ауылдары мен Березовка подхозында, Бородулиха ауылының Абай, Қазақстан, Барков көшелерінде сумен жабдықтауға байланысты жүзеге асырылған жобалар жайлы айтты. Сонымен қоса, 2018 жылы әзірленген Переменовка ауылын сумен жабдықтау жобасына өзгеріс енгізіліп, қорытындысы алынғанын және жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс істері жөніндегі комитетіне жіберілгенін тілге тиек етті.
Отырыста «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы Бородулиха ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Омарова баяндама жасады.
— Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 61 маманға 22522,0 мың теңге сомасында көтерме жәрдемақы беру жоспарланған. Жәрдемақы мөлшері — 100 АЕК немесе 369200 теңге. 10 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 маманға 5907,2 мың теңге сомасында көтерме жәрдемақы берілді. Бағдарламаға бір денсаулық сақтау саласының, бір мемлекеттік қызметші, 12 білім беру саласының қызметкері қатысты,- деді Гүлмира Омарова.
Сонымен бірге, бағдалама аясында жастарды баспанамен қамту мәселесі қарастырылған. Осы мақсатта аудан орталығында 2500 АЕК немесе 9230000 теңгеден аспайтын мөлшерде, ауылдарда 2000 АЕК немесе 7384000 теңге мөлшерінде бюджеттік кредит беріледі. Бородулиха ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 14 жас маман аталмыш несиені алып, баспаналы болыпты.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»