Отан қорғаушылар күніне орай аудандық Мәдениет үйінде аудан басшылығының, әскери сала қызметкерлерінің, ардагерлер мен аудан тұрғындарының қатысуымен салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Айдар Ибраев мерекелік құттықтау тілегін жеткізіп, Отан алдындағы абыройлы еңбек құрметке лайық екенін атап өтті.
-Тәуелсіз Қазақстанның әскери қызметшілері елдің және оның әрбір азаматының қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Қай заманда болмасын Отанға деген құрмет, оның тағдырына жауапкершілік алу, оны қорғау үшін кез келген сәтте дайын болу басты құндылық болған және солай болып қала бермек. Бейбіт аспан астында Отанды қорғау дегеніміз – ел игілігі үшін адал еңбек ету, атадан келе жатқан дәстүрге құрмет,- деді Айдар Маратұлы.
Шара аясында Айдар Маратұлы қызметтік міндеттерін адал атқарған шекара бөлімшелерінің әскери қызметшілерін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін және қорғаныс істері бөлімінің мамандарын марапаттады.
Шара Мәдениет үйінің әртістері мен шығармашылық ұжымдардың мерекелік концертімен сабақтасты.
Айкөркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»