Өткен аптада Бородулиха ауданында еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Төтенше жағдайлар министрлігі ұйытқы болған аталмыш шараға еліміздің әр түкпірінен жалпы саны 400-ден аса адам қатысты. Олардың арасында өрт сөндірушілер, орманшылар, ұлттық ұлан сарбаздары, апаттық медицина саласының өкілдері және азаматтық қорғаныс өкілдері мен теміржолшылар да болды. Жаттығуға 80-нен астам техника, өрт сөндіргіш екі тікұшақ пен арнайы дрондар, квадракоптерлер және де ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар да қолданылды.
Алғашқы күні оқу-жаттығулардың теориялық бөлімі өтті. Онда әр өңірден жиналған мамандар өзара пікір алмасып, апатты жағдай орын алған шақта бірлесе әрекет ету барысын пысықтады. Ал ертеңгісін қызметтер дағдыларды тәжірибе жүзінде пысықтауға кірісті. Айта кетерлігі, бұл оқу-жаттығу табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға басқару органдарының, азаматтық қорғаудың аумақтық жүйесінің күштері мен арнайы құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Оған жергілікті Бородулиха ауданының басшылығы мен өрт сөндірушілері де қатысты.
Осылайша барлық күштік құрылымдар арнайы белгіленген орында үш бірдей өрт «ошағын» кезекпе кезек сөндіруге жұмылдырылды. Олардың арасында орманшылар, өрт сөндірушілер жедел әрекет етті. Ауыл станциясында тоқтап тұрған өрт сөндіру пойызынан су тасымалдаған өрт сөндіру көліктері оқиға орнына жылдам жетті. Сол тәрізді төтенше жағдайлар қызметінің екі тікұшағы қызыл жалынды әуеден сөндіруге кірісті. Осы мезетте шартты түрде орман шаруашылығының бір қызметкері жарақат алуы себепті іске дәрігерлер кірісті. Осылайша, «ормандағы өрт» санаулы сағаттар ішінде сөндірілді. Оның нәтижесінде табиғи орман алқабына залал келген жоқ.
Оқу жаттығу жиынының соңында БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда сөз алған ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов өткен жылғы Абай мен Қостанай облысындағы өрттердің себеп-салдарын ескере отырып, нақты жұмыстар жасалғанын айтты.
— Не бары екі күн ішінде профилактикалық іс-шаралар кешені, сондай-ақ әрбір ведомство үшін азаматтық қорғау қызметтерімен және құралдарымен практикалық іс-қимылдар жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында қатысушылар жалынның айналаға тез жайылмауы үшін оны тезірек жоюды қолға алды, сонымен қатар басқа да төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын арттырды. Абай және Қостанай облыстарында өртке әкеліп соққан кемшіліктерді ескере отырып, тың тәжірибелерге жүгіндік. Атап айтсақ, ТЖМ және Экология Министрлігі өрт класын және басқа да пункттерді анықтауға қатысты жаңа алгоритм әзірледі. Біз бұл алгоритмді сәтті орындадық. Сондай — ақ, біз осы шара барысында жергілікті орман мекемелерін араладық, орманшылармен сөйлестік, олардың көтерген мәселелерін тыңдадық, бірлесіп талқыладық, — деді Рамиль Камалов.
Осылайша, вице-министр Абай облысында өткен оқу-жаттығуларды жоғары бағалады. Сондай-ақ, өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Орман шаруашылықтарында өрт сөндіру техникасын жаңарту жұмыстары алдағы уақыттарда жалғастырылатынын айтты.
— Біз штабта әлі де шешілуі тиіс бірқатар мәселелерді талқыладық. Атап айтсақ, орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы қазіргі кездегі белгіленген нормаларға сәйкес келмейді. Осы күнге дейін резерватқа Экология Министрлігінен 50-ге жуық техника, сондай-ақ 150 шағын өрт сөндіру кешендері, трактор техникасы мен түрлі аспалы жабдықтар табысталды. Дегенмен, әлі де қайта жабдықтау қажет. Жылдар бойы ескірген техниканы бір жыл ішінде толығымен жаңарту мүмкін емес, десек те, алға жылжу бар, — деп атап өтті Астана төрінен келген мәртебелі мейман.
Баспасөз мәслихаты барысында Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков те сөз алып, командалық оқу-жаттығу жұмыстарының қорытындысы жайлы сөз етті.
— Осынау оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайлардың әртүрлі сценарийлері келтіріліп, қатысушылар оларды тиімді түрде жою үшін өз дағдылары мен білім-біліктерін толық қолдана білді. Орман ішінде орын алған төтенше жағдайларға үйлестірілген түрде және жедел жауап беру үшін әртүрлі қызметтердің – полицияның, жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың және басқа да қызметтердің өзара бірлескен іс – қимылына ерекше назар аударылды, — деді өз сөзінде Димитрий Гариков.
Сондай-ақ, аймақ басшысының орынбасары оқу-жаттығу кезінде өртке оранған кеңістікті бақылауға көмектесетін жаңа дрондардың да сынақтан өткендігін мәлімдеді.
— Айта кету керек, мұндай ауқымды жаттығулар ел аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Бүгінде мұнда шатырлы қалашық құрылып, апаттық медицина орталығы және басқа да арнайы қызметтер бірлесе жұмыс жүргізді. Бұдан басқа, облыстың ТЖД-дегі ұшқышсыз ұшу ұшақ аппараттарын да қолданып, сынақтан өткіздік, — деді ол өз сөзінде.
Қорыта айтсақ, алғаш өткізілген осынау жиын жоғары деңгейде деп бағаланды.
Қуаныш Жолымбет