Бородулиха ауданындағы мал шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбекқор жанның бірі — Майра Тұрғанбаева.
Майра Жолдыбайқызы 1957 жылы Бородулиха ауданының бұрынғы Воскресеновка ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Семей қаласындағы зооветинститутын тамамдаған соң туған ауылына ветеринар болып жұмысқа орналасады. Салада біраз тер төгіп, тәжірибесі толысқан маман 1998 жылы өзінің «Майра» шаруа қожалығын ашады. Отағасы Тұрсынғали ағамен мал шаруашылығын дамытуға көп күш салды. 26 жыл бойы қожалыққа басшылық еткен абзал ана күні бүгінге дейін шаруашылықтың басы-қасында жүр.
Жұмыспен отбасын қатар алып жүрген Майра Жолдыбайқызы үш баланы дүниеге әкелген ана, бүгінгі күні бес немеренің әжесі. Құрметті демалысқа шықса да қоғамнан қол үзбеген абзал ана ұрпақтарына тағылымды тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап отыр.
— Жастайымнан еңбекке араластым. Өзім жеке қожалық ашып, бүкіл өмірімді арнадым. Бүгінде өзім де, отбасым да сол еңбектің жемісін жеп отырмыз. Әйелдер қауымына әрдайым еңбекқор және сабырлы болуды тілеймін. Еңбексүйгіш әйел елдің бәріне сүйкімді, түбінде барлық қиындықты да жеңіп шығады. Барлығы әйелге байланысты,- дейді кейіпкеріміз.
Өмірін еңбекпен өрнектеген Майра Жолдыбайқызына ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасына бақыт тілейміз.
Әйгерім ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»