Новопокровка ауылдық округінің Мәдениет үйінде Ұлы Жеңіс күніне арналған «Жеңістің мамыр вальсі» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Кеш барысында сұрапыл соғыс кезеңі мен майданнан кейінгі жылдардың жүрек тебірентер әндері шырқалып, мың бұралған би қойылымдары көрермен назарына ұсынылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында туған отты жырлар мен әуендер – ерліктің, туған жерге деген шексіз сағыныштың және Жеңіске деген мұқалмас сенімнің айнымас символы. Салтанатты шараға жергілікті қоғамдастық төрағасы Б. А. Айтуғанов, «Славянка» орыс этномәдени бірлестігінің өкілдері, Мәдениет үйінің өнерлі би ұжымдары және Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.
Сонымен қатар концерттің ерекше сыйы ретінде Семей қаласынан арнайы келген қонақ Нұржан Әбділов Мәдениет үйінің сахнасында алғаш рет өнер көрсетті. Оның орындауындағы әуезді әндер алғашқы ноталардан-ақ тыңдарман қауымның жүрегін тебірентіп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Орындалған әрбір сахналық туынды жиналған қауымға ерекше сезім ұялатып, зал ішін жылулық пен өткен тарихқа, майдангерлер ерлігіне деген тағзым сезіміне бөледі.
Мерекелік кештің ресми бөлімінен кейін ауыл жастары үшін арнайы дискотека ұйымдастырылды.
Новопокровка ауылдық округі
Мәдениет үйінің баспасөз қызметі

