Өткен аптада аудан әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін шешу жөніндегі аудандық қоғамдық комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа көпбалалы аналар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, сондай-ақ Бородулиха аудандық ауруханасының өкілі қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй беру тәртібі, және осы санаттағы жанұяларда тәрбиеленіп жатқан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта ауданда әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін 479 адам тұрады. Халықты баспанамен қамту мақсатында 2020- 2022 жылдар аралығында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 2023 жылы ауданы кемінде 65 шаршы метр болатын бірнеше үй әр түрлі санаттағы тұрғын үйге мұқтаж жандарға берілген.
Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында 20 екі пәтерлі үй сатып алу жоспарланып отыр.
Келесі, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша білім бөлімі басшысының м.а. Н.Масғұт баяндады.
— Жоспар бойынша «Солнечный» лагерінде 180 оқушы демалады, оның ішінде аз қамтылған отбасылар санатындағы жанұялардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Осы мақсатта 6240 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді,- деді Н.Масғұт.
Сонымен бірге, аудан мектептерінің 10 сынып оқушылары арасында оқу жаттығуларын өткізу, 1205 оқушының қатысуымен көгалдандыру бригадаларының жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп орманшылықтарында оларды еңбекке баулу көзделген. Сондай-ақ, 29 мектепте 2040 оқушыны қамтитын 77 секция және 300 оқушының қатысуымен түрлі бағыттағы 56 мектеп үйірмесі жұмыс істемек.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балалары қатарынан 60 оқушы Үржар ауданындағы «Үржарайым» лагерінде, 12 оқушы Күршім ауданындағы «Балдәурен» лагерінде демалады деп жоспарланып отыр.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға шығармашылық үйі мен Жезкент музыкалық балалар мектебі белсенді қатыспақ.
Айкөркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»