Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл санап кәсіпкерлер саны артып келеді. Оған мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау аясының кеңеюі ықпал етіп отыр деп айтуға негіз бар.
Кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында үкімет инфрақұрылымды дамыту, жеңілдетілген қаржы бөлу және отандық өндірушілер салықтық жеңілдіктер, субсидиялар және басқа да қолдау шараларын қабылдап жатыр. Сол бағдарламалар жайлы мол мағлұмат беру мақсатында Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Еран Селихановтың төрағалығымен алқалы семинар ұйымдастырылды.
Семинарға Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, ауыл шаруашылығы басқармасының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, «Даму» қорының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілдері мен аудандық дербес бөлімдер мен мекемелердің, ұйымдардың өкілдері, аудан кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге төмен пайызбен берілетін несиелер, гранттар туралы ақпарат беріліп, оны алу жолдары түсіндірілді, әдістемелік көмек те көрсетілді. Яғни қатысушылар шағын және орта бизнес үшін қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізу, «Қамқор» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген несие, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы, 5 миллион теңгеге дейінгі гранттар беру қағидалары жайлы мол мағлұмат алды.
Айкөркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»