Дүйсенбі күні ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқраушы хатшысы Нұржан Әбдікәрімов, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Бородулиха ауданына келді. Сапар барысында су тасқынының қаупі төнген ауылдарды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолды, Дмитриевка ауылын, сондай-ақ Жезкент кентіне баратын жолды аралады.
— Еліміздегі су тасқынына қатысты Мемлекет басшысы шұғыл отырыс өткізді. Мәселені анықтау мақсатында, депутаттар өңірлерге арнайы шықты. Біз болған оқиғаларды өз көзімізбен көруіміз керек. Зардап шеккендердің шығындары өтеліп, мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, — деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Тастекеев.
Аудан әкімі Айдар Ибраевтың айтуынша, қазіргі таңда аудандағы жағдай тұрақты.
Айта кетсек, Переменовка ауылында қардың қарқынды еруі салдарынан Эра өзенінде су деңгейі көтерілген болатын. Салдарынан Первомайская көшесінің бойындағы 50 аулаға су жайылды. Бірақ, үйлерге су кірмеді. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, аудандық полиция бөлімінің, орталық аудандық емхананың және АЭС күштері мен құралдарынан 44 адам және 7 техника жұмыс атқарды. Өзен жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп, 400 қап инертті материал төселді.
Ауданға облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков келіп, аудан әкімі Айдар Ибраевпен бірге Уба өзенін тексеріп, жағдайдың тұрақтылығына көз жеткізді.
Су басу қаупі бар аймақтарда тәуліктік кезекшілік жалғасуда, квадрокоптерді қолдана отырып, мұз ағынының жай-күйіне және су деңгейіне бақылау жүргізілуде. Аудандағы ахуал тұрақты. Аудан әкімі Айдар Ибраев жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Керім ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»