Бородулиха ауданында ардагерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Айдар Ибраев, аудандық мәслихат төрағасы Сәуле Урашева, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ильяшева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов, ауылдық округ әкімдері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен аға ұрпақ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің өткен жылы атқарған жұмысының қорытындылары және оның тиімділігі, Белағаш және Новодворовка ауылдық округтерінің ардагерлер кеңестерінің қызметі қаралды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Рахимов биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтілетінін айтып, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға ұрпақтың ерлігі мен тыл ардагерлерінің ерен еңбегіне тоқталып, қай кезеңде болмасын бірлік пен татулықты ту етіп, жас ұрпақ бойында отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда, еңбекке баулуда аға ұрпақтың үлесі зор екенін атап өтті.
Еңбек демалысына шықса да аудан өмірінен қол үзбеген ардагерлер ауданның әлеуметтік-қоғамдық өміріне етене араласып, жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосуда.
– Еліміздің дүние жүзіне танымал, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, байсалды да сергек мемлекет болуына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор. Қоғамның барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің үлкен өмірлік тәжірибесін, білімі мен білігін ел тәуелсіздігін нығайтуға арнауда. Ардагерлер кеңесі аудан басшылығымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, аға ұрпақ өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жас ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруге үлес қосуда,- деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы кеңес тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Айтуынша, өмірлік тәжірибесі мол, ақылман ақсақалдар басқарып отырған ардагерлер ұйымдарында өткен жылы көптеген іс-шаралар атқарылды. Ардагерлер жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, бағыт-бағдар беріп келеді. Аудан мектептерінде 28 мектеп мұражайы мен Еңбек даңқы бұрыштары бар. Мұражай басшылары аудандық ардагерлер кеңесімен, сондай-ақ ауылдық, кенттік округтердегі ардагерлер мен ақсақалдармен бірлесіп, тарихи жәдігерлер мен құнды мәліметтерді жинақтауда. Жыл сайын, Қарттар күніне орай өткізілетін қайырымдылық айлығы аясында аудандық мәслихат депутаттары, шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер, аудандағы ұйымдар мен мекемелердің басшылары тыл еңбеккерлеріне, жалғыз тұратын қарияларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі қарттарға қолдау көрсетіп, азық-түлік, дәрі-дәрмек, көмір сатып алуға жәрдемдеседі. Ауданның белсенді жастары «Таза Қазақстан» жобасы аясында жалғызілікті қариялардың үй шаруаларына қолғабыс жасайды. Бұл жұмыстарға аудандық ардагерлер кеңесі де атсалысуда.
Кеңес отырысында осы жылға қабылданған міндеттер туралы да айтылды. Жұмағали Жарихманұлының айтуынша, биылғы жылдың жоспары да айқын. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, ел Конституциясының 30 жылдығы және Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы сынды еліміз үшін маңызды мерекелерді атап өтуге Бородулиха аудандық ардагерлер кеңесі белсене қатысып, аудан дамуына да өз үлестерін қоса бермек. Кездесуде сөз алған аға ұрпақ өкілдері биылғы жылы да аудан көлемінде атқарылатын іс-шараларға атсалысуға әзір екендерін жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Айдар Ибраев қазыналы қарттардың аудан өміріне қосып отырған үлестері үшін ризашылығын білдіріп, ардагерлер кеңестерінің төрағаларына алғыс хат тапсырды.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»


