Жаңа Қазақстанның болашағы, жалпы бүгіні мен ертеңі, дамуы мен модернизациялануы жастарға байланысты. Әлемдегі мемлекеттер де жастардың жасампаздығын мойындап, олармен санасады. Сондықтан жылдың айтулы бір күнін арнайы Жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. 12 тамыз әлемде Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтеді.
Қазақстанда да бұл мереке жыл өткен сайын айшықталып келеді. 2023 жылы мемлекеттік жастар саясаты қайта жанданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданып, жаңартылған заң жұмыс істей бастады.
Жаңарудың маңызды элементтерінің бірі – мемлекеттік саясаттағы парадигмалардың ауысуы. Мемлекет «Жастар саясатынан» «Жастармен саясатты» жүзеге асыруға көшті. Бұл тәсіл жастарға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында ғана емес, жастарды өз бастамаларымен, дайын жобаларымен, ұсыныстарымен жұмысқа тартудың маңыздылығын арттырады. Әсіресе, жастардың қажеттіліктері мен дарындылығын анықтау мақсатында қабылданған шараларға кері байланыс жасап, олармен тұрақты диалог құру үдерісі маңызды.
Бұл күн (International Youth Day) БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сəйкес, 1999 жылдың 17 желтоқсанынан бастап атап өтіледі (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-і мен 12-і аралығы). Кейбір мемлекеттерде Жастар күні мемлекеттік деңгейде тойланады. Мысалы, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун мемлекеттері жастар күніне айрықша маңыз береді.
Осы орайда, ауданымыздың Орталық саябағыгда 12 тамызда Жастар күні аталып өтті.
Жастар ресурстық орталығының директоры барша жиналған қауымды жастар мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек. Өйткені, ел болашағы жастарымыздың білімі мен күш-жігеріне, патриоттық сезіміне тікелей байланысты.
Құрметті жастар!Алдағы уақытта да білім мен біліктіліктеріңізді тәуелсіз еліміздің өркендеуіне арнап, жастар саясатын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына үлес қоса беретіндеріңізге сенімдемін. Әрқашанда игі бастамаларыңыз сәтті, болашақтарыңыз баянды болсын!, – деді ол.
Бұл күні Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен гір көтеру, арқан тарту, турникмэн, караоке-батл сияқты әр түрлі форматтағы іс-шаралар мен би кеші ұйымдастырылды. Мерекеге ауданымыздың белсенді жастары қатысты. Жастардың көңіл-күйінің көтеріліп, іс-шараға біркісідей атсалысуына ауа райының қолайсыздығы еш әсер етпеді. Жалындаған жастардың көңіл көтеруіне әуелеген әсем ән өзінше бір серпіліс беріп тұрды. Сонымен қатар, жастар мерекесінің ерекше өтуіне түрлі ойындар мен конкурстар да әсер етті. Мерекені тамашалаған тұрғындардың қарасы көп болды. Бородулиха аудандық жастар орталығы Мәдениет үйінің жас ұжымына осы мерекені өткізуге атсалысып, белсенділік көрсеткені үшін өз ризашылығын білдіреді.
Еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа кезеңге бет түзеген тұста жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналуы тиіс. Жас буын ортақ мүддеге ұйысып, тың бас¬тамалар мен шешімдерді жүзеге асыруда мемлекеттің сенімді тірегіне айналуы қажет. Осы орайда, жаңашыл жастарға айрықша қолдау білдіру үлкен маңызға ие екенін атап өткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жандана түсеріне сенім мол. Сондықтан да, жүрегіміз жалынға толып, әрбір ауданымызда өткен іс-шараға белсене қатысып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып, биік шыңдарды бағындырайық, жастар!
Азамат Смагулов