Қазіргі таңда ауданымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген атымтай жомартттар жетерлік. Қашан да айналасына жанашырлық танытатын мұндай азаматтар игі істерден аянып жүрген жоқ.
Жыл сайын республика көлемінде өтетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы біздің ауданымызда да «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен ұйымдастырылуда. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу.
Жақында Halyk Bank 100 жылдық мерейтойы және «100 игі іс» науқаны аясында «Мектепке жол» акциясына қатысты. Акция шеңберінде оқушыларға оқу құралдарына толы сөмке сыйлыққа берілді. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушыларды қуантуды компания дәстүрге айналдырып үлгерген. Halyk Bank сөмкелерден және керекті кеңсе тауарларынан (дәптерлер, қаламдар, қаламсаптар) тұратын мектепке қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті атқарушы органдар мен білім беру басқармалары берген тізімге сәйкес таратты.
«Біз жыл сайын «Мектепке жол» ізгі акциясына қатысуды дәстүрге айналдырдық. Балалардың жаңа оқу жылына толық дайын болуы біз үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, баланы бірінші сыныпқа дайындауға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Біз 100 жылдық мерейтой және «100 игі іс» науқаны аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан бірінші сынып оқушыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сыйлауға шешім қабылдадық. Осы арқылы балалардың сабақты ынтамен оқуын және бұл үшін қажеттінің барлығы болғанын қалаймыз», — деді Halyk Bank-тің аудандық филиалының басшысы Баян Калигожина.
Акция аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша, түрлі әлеуметтік себеппен балалардың мектепке бармауының алдын алуға болады. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» жұмысы үздіксіз ұйымдастырылған. Сол арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Бұл жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады.
Азамат Смагулов