Мемлекет басшысы спорт саласын үнемі қолдап, оның қай түрі болмасын айрықша назарда ұстап келеді. Солардың бірі – футбол ойыны. Бүгінгі таңда Қазақстанда футбол өзінің құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуда.
Бүкіл еліміз бойынша футболдан заманауи спорт нысандарының салынып, академиялар мен орталықтардың ашылуы — соның айқын дәлелі.
Ең қуаныштысы, ФИФА жариялайтын сараптамадағы Қазақстан құрамасының рейтингісі өсуде, бұрын жеңілістен көз ашпайтын ұлттық құрама ендігі жерде оңай шағылмайтын жаңғаққа айнала бастады. Біздің аяқ допшыларымыздың ұлттық құрамасы футзалда зор жетістіктерге жетіп жүр. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Еурокубок бойынша қазақ футбол клубтары тамаша ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйлерін разы етуді дәстүрге айналдырды.
Ауданымыздың жастары арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және ел болашағы жастарымыздың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятатын патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында спорттық іс-шараларды ауданымызда үнемі ұйымдастырып отыру жолға қойылып келеді. Негізінен, футбол – әлемдегі ең танымал топтық ойындардың бірі, оның тарихы бірнеше ғасыр уақытты қамтиды. Соның ішінде шағын футбол ойын түрі қазіргі кезде қарқынды дамуда. Өз ерекшелігінің арқасында шағын футбол – өте қызықты спорт түрі саналады, мұнда голдар жиірек соғылады, ойын өте қарқынды және тартымды өтеді. Осы орайда, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір 5-шісі адам футболмен айналысуды хош көреді деп айтсақ, қателеспейміз.
Енді өңіріміздегі футболдың аяқ алысына келер болсақ, футбол біздің ауданымызда ең қолжетімді әрі жұртшылық арасында кең таралған спорт түріне айналып отыр десек, артық айтпаймыз. Аудан тұрғындары кәрі-жас демей, осы футболды жандары сүйіп ойнайды. Тіпті, ол ұлттық ойын түріне айналды деуге де болады.
Жақында Бородулиха ауылында шағын футболдан жасөспірімдер арасында Баекенов Мақсат Асхатұлын еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті. Мақсат Асхатұлын еске алуға арналған жарысқа 6 команда қатысты. Осылайша, Семей қаласынан келген Сан-лин командасы, Авангард, Дмитриевка 1, Дмитриевка 2 ауылдық округінің, Семей қаласының 5511 әскери бөлімшесінің командасы және Жаңашүлбі ауылдық округінің командалары өзара бақ сынасты. Жарыс барысында барлық команда өз шеберліктерін барынша көрсете білді. Жарысты Мақсаттың туған-туыстары мен жолдастары ұйымдастырды. Дмитриевка ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрлыбеков жарыстың ұйымдастыруына қолдау көрсетті.
Жарыс басталмас бұрын командалар сапқа тұрып, Әнұранды орындады. Алғашқы сөз кезегі Дмитриевка ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрлыбековке берілді. Содан кейін анасымен апасына Мақсаттың жолдастары шапан, жаулығымен кигізді.
Бұл күні өз командасын қолдауға келген жанкүйерлер де аз болған жоқ. Тартысты ойын нәтижесінде 1-орынды Семей қаласынан келген Сан-лин командасы жеңіп алды. 2-орынды Семей қаласының Авангард командасы иеленді. Ал үшінші орынға Дмитриевка ауылдық округінің командасы табан тіреді. Арнұр Дакенов – «үздік сұрмерген», Азат Есимбеков – «пайдалы ойыншы», Ильяс Айтқазы – «үздік қорғаушы», Дамир Бейсенов – «үздік қақпашы» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
Сайыс барысында Дмитриевка ауылдық округі командасының ойыншысы: «Бұл турнир біз үшін сәтті болды. Жарысқа бар күшімізді салып, жеңіске жетеміз деген үмітпен ойнадық. Алдағы уақытта да жеңісті күндеріміз көп болсын», – деп ағынан жарылды.
Ал Семей қаласының келген Авангард командасының ойыншысы: «Мақсатты еске алуға арналған турнирді ұйымдастырған туған-туыстарына, жолдастарына өз ризашылығымызды білдіреміз. Турнир жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыға ұнады», – деді.
Спортшылар жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Ұйымдастырушылардың атынан бірінші орын алған команда кубокпен және медальдармен, сондай-ақ, 50 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды, екінші орын алған командаға 30 мың теңге және үшінші орын алған командаға 20 мың теңге ақшалай сыйлықтар, сонымен қатар, кубок пен медальдар табысталды. Бұған қоса, ұйымдастырушылар номинациялар бойынша үздік ойыншыларды дипломдармен марапаттап, 5 мың теңге ақшалай сыйлықты табыс етті. 1-орынды жеңіп алған Семей қаласынан келген Сан-лин командасы ақшалай сыйлықты қайырымдылыққа берді.
Ербол Темирбулатов