Еліміз егемендігін алған сәттен бастап гендерлік теңдік мемлекеттік саясаттың бір тармағы ретінде қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел теңдігіне, ана мен бала мәселесіне жіті көңіл аударады. Соның жемісі болар, елімізде әйел шаңырақтың шырағы, отбасының ұйытқысы болуымен шектелмей, барлық салада ерлермен тең еңбек етіп, мемлекеттік қызметке де араласып жүр.
Бородулиха ауданында 32,6 мың адам болса, оның 50,7 пайызы, яғни 16,5 мыңы — әйел адам. Өкілді билік органдарында 13 депутат болса, оның бесеуі — нәзік жанды. Атқарушы органдардағы 9 дербес бөлімнің төрт бөлімінің басшысы — әйелдер. 18 ауылдық және кенттік округ болса, оның арасында 2 әйел әкім бар.
Әйелдер мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек етуде. Қазіргі уақытта 148 мемлекеттік қызметкердің 77-сі – қыз-келіншектер. Бұл кездейсоқтық емес, әрине. Өйткені әйелдердің белсенділігі аса жоғары. Біздің ауданымызда ғана емес, жалпы елімізде қыз-келіншектер қоғамның дамуына зор үлес қосуда.
Бүгінгі таңда мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты өмір сапасының стандарттарын арттыруға, отбасыларды, ана мен баланы, әйелдердің еңбек құқықтарын әлеуметтік қолдауға бағытталған.
Ауданда отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс жүргізуде. Ауданның барлық ауылдық округтерінде құрылған әйелдер кеңесі отбасы, әйелдер мен балалар мәселелерін қарастырады. Біздің аудандық «Жаңа Уақыт — Новое время» газетінде «Гендерлік саясат», «Замандастардың портреті» айдарларында көп балалы аналар, түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар өмірі, көшбасшы әйелдер туралы мақалалар жиі ұсынылады.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаларды қатаңдату жөніндегі тиісті тапсырмалары айтылды.
Қабылданған түзетулер жұртшылықпен кеңінен талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері қатысты.
Заңдарға әйел мен балаға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген. Бұл заң елімізде гендерлік теңдіктің нығаюына және отбасылық зорлық-зомбылықтың тыйылуына әсер етеді деп сенемін. Түптеп келгенде, бұл құжаттың қабылдануы Қазақстанды адам құқығы толық қорғалатын, қауіпсіз, өркениетті елге айналдыру жолындағы маңызды қадам болды деп санаймын.
1 сәуірден бастап ауданымызда Бородулиха ауданы әкімдігінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналды мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңес беріп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қоғамға бейімдеуге күш салмақ.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болып табылатын адамдарға кеңес, психологиялық, заңгерлік, медициналық көмек қажет болғанда және басқа жағдайда 87713692469 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Ауданымызда ерлер мен әйелдер үшін тең қарым-қатынас және тең мүмкіндіктер қағидатын түсіндіру, сондай-ақ әйелдердің мемлекеттің саяси және қоғамдық өміріне белсенді қатысуын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі жағдайда гендерлік теңдік мәселелері аса өзекті және маңызды әлеуметтік проблемалардың қатарында. Алдағы уақытта да ерлер мен әйелдердің іс жүзіндегі тең құқықтылығына қол жеткізудің пәрменді тетіктерін енгізу мақсатында мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да жүйелі жұмыстар жалғасын табады.
Сәуле УРАШЕВА,
Бородулиха аудандық
мәслихатының төрағасы