Ағымдағы жылдың 9 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Абай гарнизонындағы 44293 әскери бөлімінде тыл саласы бойынша әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны өтуде. Бұл — Қарулы Күштер құрамындағы әскери резервті нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған маңызды шара.
Жиынға Семей, Аягөз қалалары мен Бородулиха ауданынан келген жүзден астам әскери міндетті азаматтар шақырылды. Олар – бұған дейін әскер қатарында қызмет етіп, қазіргі таңда түрлі салада еңбек етіп жүрген, алайда әскери міндетін орындауға дайын азаматтар.
Бір айға созылатын оқу-жаттығу барысында қатысушылар тыл қызметіне қатысты бірнеше бағыт бойынша білімдерін жаңғыртып, тәжірибелерін толықтырады. Атап айтқанда, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, азық-түлікпен жабдықтау, әскери киім-кешек, ветеринарлық қызмет көрсету, сондай-ақ әскери қатынас мамандықтары бойынша сабақтар қарастырылған. Жиын барысында теория мен тәжірибе үйлесім тауып, әскери міндеттілер нақты жағдайларда әрекет етуді үйренеді.
44293 әскери бөлімінің штаб бастығы, полковник Самат Жиенбаев оқу жиынының маңыздылығына тоқтала келіп:
– Әскери міндеттілер — бұрын әскер қатарында болып, қазіргі таңда азаматтық өмірде түрлі қызметтер атқарып жүрген азаматтар. Бұл жиын – олардың біліктілігін жетілдіріп, әскери дайындықтарын арттыруға арналған маңызды мүмкіндік. Тыл саласына қатысты мамандықтарды толық меңгеріп шыққан азаматтар болашақта әскер қатарындағы бос лауазымдарға тағайындалуы мүмкін, – деп атап өтті.
Жиынға қатысушылар жатын орынмен, күніне үш мезгіл тамақпен, қажетті әскери киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жиын барысында олардың азаматтық жұмыс орындары мен лауазымдары сақталады.
Айта кетейік, мұндай оқу-жаттығу жиындары әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, жұмылдыру жүйесін жетілдіруге және әскери резервті сапалы дайындауға бағытталған.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»