18-21 маусым аралығында Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраевтың есеп беру кездесулері өтті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері, жоспарлар мен жобалар талқыланды.
Есеп беру кездесулеріне аудандық мәслихат төрағасы С.Урашева, «AMANAT» партиясы Бородулиха филиалының атқарушы хатшысы Г. Ильяшева, ауданның бас дәрігері М.Қосамбеков, дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Кездесу 19 маусымда Таврия ауылдық округінде өтті, аудан басшысы округке қарасты Сахновка және Буркотово ауылдарында болды. Сахновкада ауылға баратын жолдың жағдайы, ауыз су мен ұялы байланыстың болмауы және мектепке жеткізілетін көмірдің сапасы жайлы мәселелер көтерілді. Буркотовода ауылға кіреберіс жолдың 23 шақырымын жөндеуді аяқтау мерзімі, ауыл әкімдігі үшін жаңа қызметтік көлік бөлу қажеттілігі және келген омарташылар қалдырған тұрмыстық қоқыс мәселесі талқыланды. Әкім азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.
Әрі қарай әкім Құнарлы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде тұрғындар Песчанка ауылында ауылдық клуб салу, көше жарығын орнату жайлы сұрақтар қойды.
Красноярск ауылдық округінде әкім Уба-Форпост және Красный Яр ауылдарында болды. Уба-Форпост тұрғындары «Ключики — Уба-Форпост»жолының жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Болашақта мұнда туризмді дамыту жоспарлануда, сондықтан жолдың бұл бөлігін ыңғайлы және қауіпсіз ету маңызды. Жақын арада округтегі көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары басталады.
20 маусымда әкім Андроновка, Переменовка және Орловка ауылдарында болды. Тұрғындар тарапынан кентішілік және аудандық жолдарды жөндеуге, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, фельдшерлер мен дәрігерлермен қамтамасыз етуге, медициналық пункттерді жөндеуге және дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне қатысты сауалдар көтерілді.
Сол күні әкім Жезкент кентінде де болды. Мұнда кентішілік жолдар мен аулаларды жөндеу, стихиялық қоқыстарды жою, облыстық маңызы бар Бородулиха-Жезкент жолының жай-күйі, аулалардағы тұрақтар мәселесі және тағы басқа мәселелер көтерілді. Әкім тұрғындарды абаттандыру жұмыстарын бірлесіп істеуге шақырды.
Есеп беру жиындары Новодворов ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындар жолдардағы қауіпсіздік мәселелерін, жылдамдық режимін бұзудың жолын кесу үшін учаскелік бөлімнің қажеттілігін, көше жарығын орнатуды, орталық су құбырын тапсыру мерзімдерін, медициналық пункт салу және ауылдық клубты жөндеу жоспарларын талқылады. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ-ның ұялы байланыс және қызмет көрсету сапасы мәселелері көтерілді. Барлық проблемалар бақылауға алынады.
21 маусымда әкім Бородулиха ауылдық округінің Успенка ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда Бородулиха-Успенка жолын орташа жөндеу, ұялы байланыстың болмауына қатысты мәселелер талқыланды.
Қорытынды жиын Бородулиха ауылында өтті. Бородулиха ауылдық округі әкімінің ауданның соңғы 6 айдағы дамуы туралы есебі тыңдалды.
Осы кезеңде көшедегі электр кабельдерін ауыстыру, жолдарды қиыршық тастармен толтыру және грейдерлеу, асфальтталған жолдардың шұңқырларын жөндеу, саябақты абаттандыру және жаңарту, көшелерді жарықтандыруды жөндеу сияқты жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған қос пәтерлі 10 үйдің құрылысы басталды. Бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда, онда бассейнді салу, желдету және инженерлік желілерді орнату жұмыстары қазірдің өзінде жүргізілуде.
2024 жылдың аяғына дейін көшелерді орташа жөндеу жобасын әзірлеуді аяқтау, бейнебақылау камераларын орнату, жарықтандырылмаған көшелерге ЖСҚ дайындау және 2025 жылға бюджеттік өтінім беру, Жеңіс саябағын қоршау, Успенка ауылында интернет байланысын орнату жоспарда бар.
Кездесу кезінде тұрғындар Лесной және Спутник аймағында орналасқан көпірлерді су басып қалмау үшін арналарды тазарту жұмыстарын жүргізу мәселесі талқыланды.
Айкөркем МАҚЫШ,
Жаңа Уақыт