Бородулиха – экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген аудан. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында аталмыш саланың үлесі зор. Биылғы жылы да егін науқаны табысты аяқталып, жалпы 44 млрд 601 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 108 пайызды құрады.
Аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, несібесін Жер-Анадан тапқан, етектегі егінімен қоса, төскейде төрт түлігін түлеткен сала мамандарына құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға аудан басшылығы, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, сала мамандары мен ардагерлері қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Айдар Ибраев жылы лебізін білдіріп, ауыл еңбеккерлері мен өңдеуші өнеркәсіп саласының жұмыскерлерін, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерін құттықтады.
— Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде ауданымыздың, еліміздің аграрлық саласы дамып келеді. Әрине, біз одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз.
Бар өмірін туған жерге арнап жүрген Сіздерге табысты еңбек және төккен тердің жемісін көруге тілектеспін. Қажырлықпен атқарған жұмыстарыңыз жақсы нәтиже беріп, табиғаттың дүлей күші айналып өтіп, әрдайым көл-көсір өніммен қуантсын! Дендеріңізге саулық, бақыт, отбасыларыңызға береке тілеймін,- деді Айдар Маратұлы.
Аудан басшысы өз сөзінде агросекторды тұрақты дамыту, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экспортқа шығарылатын өнімдердің көлемін ұлғайтып, халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу – осы саланың күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттері екендігін де атап өтті.
Іс-шара барысында сала үздіктері марапатталды. «Витязь» шаруа қожалығының басшысы Владимир Майердің төсіне «Еңбек ардагері» медалі тағылса, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен «Лада» шаруа қожалығының басшысы Александр Романов, «Жұмағұлов» шаруа қожалығының механизаторы Ермек Ошанов марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің алғыс хатымен «Витязь» шаруа қожалығының механизаторы Василий Кисс, «Алмакос плюс» ЖШС директоры Виктор Бекетов, «Луч»шаруа қожалығының қызметкері Ролан Дюсенбаев мадақталды.
«Лехнер» ЖШС механизаторы Геннадий Помельниковке, «Лин Агро» ЖШС механизаторы Ернұр Ахмедовке, «Труд 13» механизаторы Дамир Дүйсенбаевқа, «Буран» механизаторы Владимир Фоминге облыс әкімінің алғыс хаты берілді.
Адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін «Восток» ш/қ басшысы Людмила Ступак, «Береке» ш/қ басшысы Гүлдрайхан Құрманбаева, «Дед Федор» басшысы Надежда Шениман, «Натали» шаруа қожалығының механизаторы Қайрат Ибраев, «Дед Федор» шаруа қожалығының механизаторы Барков Николай және бірқатар сала мамандары мен ветеринарлар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қайырымдылық бастамасы шара көрігін қыздыра түсті. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға хат жазып, армандары мен тілектерін жолдаған. Қайырымды жандар «Арман ағашына» ілінген балалардың хаттарымен танысты. Алдағы уақытта бүлдіршіндер тілегін орындамақ.
Жалпы, экономикамыздың көтеріліп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетігі ауылды, ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі дамытумен байланысты екені анық.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»