Бородулиха ауданында Жеңіс күніне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың батырлығы мен қайсарлығын еске алатын айтулы мереке «Жеңіс» саябағынан басталды.
Патриоттық шараға аудан әкімі Айдар Ибраев, аудандық мәслихат төрағасы Сәуле Урашева, тыл еңбеккерлері, күш құрылымдарының қызметкерлері, оқушылар мен аудан тұрғындары қатысты.
Сарбаздар рухына тағзым етіліп, Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылған соң жиылған жұрт бір минут үнсіздікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алды.
-Біз ата-бабаларымыздың батылдығы мен жанқиярлық еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жеңіс үшін барша күштерін салған тыл еңбеккерлеріне тағзым етіп, басымызды иеміз. Соғыс ардагерлері бәріміз үшін табандылық пен батылдықтың үлгісі болып табылады. Бізге бақытты өмір сүруге және балаларымызды бейбіт өмірде тәрбиелеуге мүмкіндік берген батырларға мәңгілік тағзым!- деді құттықтау сөзінде Айдар Маратұлы.
Жеңіс күнін мерекелеу дәстүрлі «Естелік шырағын жағу» акциясымен сабақтасты. Жеңіс саябағындағы Даңқ мемориалында 100-ден астам шырақ жағылды.
Айкөркем МАҚЫШ, «Жаңа уақыт»