2023 жылдың маусымында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының Батпай орманшылығында тұтанған алапат өрт әлі санамыздан өше қойған жоқ. Өрт 60 гектардан астам жасыл алқапты, қаншама аң-құсты жалмады, 14 орман шаруашылығы қызметкерінің, бір тракторшының өмірін қиды. Екі бірдей отбасы отағасы мен ұлынан бір мезгілде көз жазды.
Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, оны қорғау жолында қаза болған орманшылардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Кеше, 8 қазан күні, Бородулиха ауданының Камышенка ауылының маңында қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, аудан әкімі Айдар Ибраев, Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов, зиялы қауым өкілдері, орманшылар және қаза болған орманшылардың отбасылары мен туыстары, аудан тұрғындары қатысты.
Жиылған қауым қаза болған орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Облыс әкімі өз сөзінде ерлік пен батырлық әрдайым үлкен құрметке ие екенін атап өтті.
— Бүгін, біз тілсіз жауға қарсы тұрып, туған халқы мен табиғат — ананың амандығын жанынан жоғары қойған жерлестеріміздің ерлігіне тағзым жасап, құрмет көрсету үшін арнайы жиналып отырмыз.
Ерлік даңқы өшпейді!..
Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Бұл тұғыртас – табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр.
Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге біз қашанда басымызды иеміз! — деді Нұрлан Телманұлы.
Бұл ескерткіш қызметтегі адалдықтың, еңбектегі жанқиярлықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болмақ. Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев. Қоладан сомдалып, тұғыры тұтас граниттен құйылған ескерткішке 14 орманшы мен 1 тракторшының бейнесі бедерленіп, есімдері жазылған. Ескерткіштің биіктігі – 8 метр.
Табиғат жауһары — қарағайлы орманды сақтап қалу жолында жандарын қиған батырлардың есімдері тарих бетінен өшпейді.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»