Ел мұраты жолында аянбай еңбек етіп, тынбай ізденіп, белсене жұмыс істеп жүрген азаматтар әр өңірде бар. Бородулиха ауданының дамуы жолында еселі еңбек еткен Маратбек Нұркешев сынды тұлғалар жайлы мақтанышпен айтамыз.
Маратбек Аджарұлы 1961 жылы Семей қаласында өмірге келген. 1985 жылы Кеңес әскерлері қатарында азаматтық борышын абыроймен атқарып келгеннен кейін еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Семей қаласындағы таксопаркте жүргізуші болды. 1989 жылы Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын ветеринария мамандығы бойынша аяқтаған соң, мамандығы бойынша Бородулиха ауылындағы Киров кеңшарына мал дәрігері болып орналасты. Әр жылдары «Заветы Илича» кеңшарында, «Асыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Зайтенов» шаруа қожалығында ветеринар болды.
2006 жылы Бородулиха ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып, мемлекеттік қызметке ауысты. Еңбекқорлығы мен кәсіби қарым-қабілетінің арқасында сатылап өсіп, 2006-2013 жылдар аралығында жетекші маман, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Маратбек Аджарұлы басшылық еткен жылдары ауданның ауыл шаруашылығы саласы оң көрсеткіштерге ие болып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл басшының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғандығының көрінісі болса керек.
Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетін мемлекеттік басқару ісі мамадығы бойынша тамамдаған Маратбек Аджарұлына округ әкімі қызметі сеніммен тапсырылды. 2013-2016 жылдары Ленин ауылдық округінің әкімі, 2016-2020 жылдары Дмитриевка ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарды. Сенімге селкеу түсірмей, халық пен билік арасында оңтайлы қарым-қатынас орнатып, округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты.
2020 жылы Бородулиха ауданының ауыл шаруашылығы саласының басшысы болып тағайындалды. Соңғы жылдары кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы ретінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына, шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына күш салды.
Өмір жолы адал еңбекпен өрілген Маратбек Аджарұлы «Ауы шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, облыс және аудан басшылығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Қызметте іскер басшы отбасында асыл жар, қамқор әке. Зайыбы Бақытгүл Есімханқызымен екі перзентке әлемнің жарығын сыйлаған бақытты ата-ана бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырды.
Бүгінде алты асудан асып, Пайғамбар жасына толған ел ағасына мықты денсаулық, шаңырағына шаттық, ортаймас бақ-береке тілейміз!
Ә. ЖАҚЫП