Социалистік Еңбек ері атағына ие, Бородулиха совхозының механизаторы, тракторшы Первак Петр Васильевич 1932 жылы Украинаның Хмельницкий облысы Волочис ауданының Чухели селосында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1954 жылы Семей облысы Жаңашүлбі ауданындағы (қазіргі Абай облысы Бородулиха ауданы) Тельман атындағы машина-трактор станциясында тракторшы болып бастады. Тельман атындағы машина-трактор станциясы таратылғаннан кейін Стеклянка селосында Бородулихинский совхозында механизатор болып жұмыс істеді. Мұнда ол совхоздағы озат механизатор деген атаққа ие болды.
Петр Первак техниканы дұрыс басқарып, уақытылы техникалық қызмет көрсете отырып, астық жинау кезінде ысырапқа жол бермей, тамаша сапада жұмыс істеді. Ол әсіресе, тоғызыншы бесжылдықта табысты еңбек етті. Осылайша, 1971 жылы Петр Первак көктемгі дала жұмыстарында жоспардағы 1000 га орнына 1675 га жем-шөп жинау және жырту жұмыстарын жүргізіп, өнім алды.
«СК-4» комбайнымен жоспардағы 317 гектардың орнына 980 гектар алқаптың егінін орып, 121 мың центнер астық бастырды. 1972 жылы егін жинау кезеңінде жоспардағы 303 гектардың орнына 709 гектар жерден астық жинап, 15600 центнер нан бастырды. Петр Васильевич екі жылда 2520 килограмм жанар-жағармай үнемдеді. Осы еңбек жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1972 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен Первак Петр Васильевич Социалистік Еңбек Ері атағын иеленіп, Ленин орденімен және «Серп и Молот» алтын медалімен марапатталды.
Петр Первак халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болды. Ол Ленин, Октябрь революциясы, Халықтар достығы және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Қайтыс болған жылы мен күні анықталмаған.