Қазақстанда жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі. Бүгінде қоғамымызда қордаланған мәселелердің оң шешім табуына орасан үлес қосып жатқандар да әлеуметтік сала қызметкерлері. Жабырқағандарға жан жылуын, көмек күткендерге қолұшын бергендер қашан да құрметке лайық.
30 қазан күні аудандық Мәдениет үйінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің күніне орай, салтанатты іс-шара өтті. Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Бородулиха арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы, мансап орталығы қызметкерлеріне арналған салтанатты кеште аудан әкімінің орынбасары Е. Селиханов сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады.
«Құрметті сала қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қоғамның әлсіз өкілдеріне қолдан келгенше көмектеріңізді, жүрек жылуын ұсынып отырған сіздердей жандарға шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл кәсіби мереке осы жылдар ішінде тек ресми шараға ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды. Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, мұқтаж жандарға әртүрлі көмек көрсетілуде», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен А. Байболова, Г. Аргумбаева марапатталды. Өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін аудан әкімінің Алғыс хаты Л. Курманбаева, О. Гришкова, Г. Круговых, А. Кригер, С. Терещенкоға табысталды.
Абай облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен Бородулиха ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Татьяна Кирдяева марапатталды.
Марапаттау рәсімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А. Байболова мен «Серіктес» мемлекеттік мекемелер және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г. Бековамен жалғастырды. Бородулиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының Құрмет грамотасымен М. Смелых және Р. Алакаева марапатталды.
Қазіргі уақытта Бородулиха ауданында 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл орталықтар мүмкіндігі шектеулі жандарға өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі, көмекке зәру адамдардың өмірін жеңілдетеді. Қазақстан Үкіметінің отбасы мүддесін қорғау, оның адамгершілік негіздерін нығайтуда және ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуде жүргізіп отырған саясатын жүзеге асыруда әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әлеуметтік саланың басты байлығы – кәсіби біліктілігі жоғары, адами қасиеттерді бойына сіңірген, қарттарға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін асыл жандар.
Марапаттау рәсімінен кейін салтанатты іс-шараға жиналған жұртшылық аудандық Мәдениет үйі әншілерінің орындауындағы әндерді тыңдап, өнерпаздардың биін тамашалады.
Сұлтан Ибрагимов